ТЖ

Құтқарушылар өрт-тактикалық оқу-жаттығуларына қатысты

Сценарий бойынша Жамбыл Жабаев көшесіндегі көпқабатты баспананың 13-ші қабатынан өрт шықты. 2 бөлмелі пәтердің ішінде кәмелет жасқа толмаған балалар қалған. Өрт шыққан мекенжайға құтқарушылар 5 минутта жетіп келді.

Көзді ашып жұмғанша бірнеше маман қосалқы есік арқылы өтіп, 13-ші қабатқа көтерілді. Сөйтсе, пәтердің ішіндегі жасөспірімдер балконға шығып үлгерген екен. Мамандар оларды екі жақтан қаумалап, бірден қауіпсіз жерге алып кетті. Одан кейін құтқарушылардың екінші тобы пәтерге терезеден кіріп, өртті сөндіруге кірісті.

Серік Шақабаев, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

Тактикалық жаттығуға 8 бірлік техника мен 35 адам қатысуда. Бұрын қалада мұндай биік баспаналар болмаған. Сондықтан, құтқарушыларды үйрету және тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау үшін осындай шара өткізіліп жатыр.

Жалпы, қалада 18 қабатты 3 нысан бар. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бұл нысандарда айын сайын өрт-тактикалық оқу-жаттығуларын өткізеді.

Маржан Касымбек