Спорт

Баскетболдан қыздар арасында облыстық турнир өтуде

Алғаш болып Тимирязев пен Тайынша ауданынан келген командалар кездесті. Қарсыластар 40 минут ішінде мықтыны анықтамақ. Қос тараптың да жарысқа тыңғылықты дайындалып келгендері көрініп тұр. Тайыншалық Аделя Бекужанова баскетболмен 3 жыл айналысады екен. Бұл оның – алғашқы ірі жарысы. Соған қарамастан 10 жастағы жеткіншек пен командаластары жақсы өнер көрсетті. Олар қызыл жейдедегі қыздарды 47 де 10 есебімен ойсырата жеңді.

Аделя Бекужанова, турнирге қатысушы, Тайынша ауданы:

Қарсыластарымыздың бойлары бізге қарағанда ұзын. Сол себепті, ойын қиын болды. Біз матч барысында тактиканы өзгертіп, шапшаң қимылдауға тырыстық. Бір-бірімізге жылдам пас берудің арқасында жеңіске жеттік.

Ал Тимирязев ауданынан келген қыздар келесі ойындарда қателік жібермей, жеңіске жетуге тырысамыз дейді.

Нұрбахыт Ибраева, турнирге қатысушы, Тимирязев ауданы:

Біздің қыздар 2 адыммен жақсы ойнайды. Ал Тайыншадан келген қарсыластар бірден шабуылға көшеді екен. Бізде де мүмкіндік болды, бірақ уақыт жетпей қалды.

Осыдан кейін Мамлют ауданының баскетболшылары мен облыс орталығының бұрымдылары күш сынасты. Тартысты матчта 42 де 34 есебімен петропавлдық команда жеңіске жетті. Жалпы, 10 мен 14 жас аралығындағы қыздар арасында ұйымдастырылған турнир жұма күні аяқталмақ.

Сергей Моор, турнирдің бас төрешісі:

Пандемияға байланысты көптен бері мұндай жарыс өткізбеген едік. Спортшылар жаттыға бермей өздерінің күштерін сынап тұрғандары маңызды. Сол себепті бүгін осындай турнир ұйымдастырдық. Спорттық іс-шарада карантиндік талаптар сақталуда. Сайысқа аудандардан келген 7 команда мен қалалық 1 құрама қатысып жатыр.

Сайыс соңында жүлдегерлер кубок пен мақтау қағазы табысталмақ. Сонымен қатар, үздік өнер көрсеткен баскетболшылар анықталып, облыс құрамасына алынады. Олар алдағы уақытта өңіріміздің намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады.

Бердимурат Баймухан