МТРА жаңалықтары

Тұңғыш Президент күніне арналған шығарылым 01.12.2021

Эльмира Сәдуақасова, тілші:

– Халықаралық стандарттарға сай тауарлы-сүт фермалары, бордақылау алаңдары, тұқым шығару зауыттары, жылыжайлар мен өнімділігі жоғары техника. Бұл – еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі көрінісі. Алайда, мұндай жетістікке жету жолы оңай болған жоқ.

Кеңес үкіметі кезінде дүркіреп тұрған ауыл шаруашылығы 90-шы жылдардың басында күйрей бастайды. Млн-даған бас мал сатылымға шығарылып, егістік алқаптарының аумағы мен күзде жиналатын астықтың көлемі күрт азайды. Кеңшарлар жойылып, шаруашылықтарды жекешелендіру басталды. Қысқасы егемендіктің алғашқы 10 жылдай уақыты аграрлы салаға оңайға соқпады. Еркебұлан Мамбетов 1998-де «Мамбетов и К» командиттік серіктестігін ашып, қиын-қыстау кезең мен сектордың қайта қалыпты өмірге оралуының куәгері атанды.

Еркебұлан Мамбетов, “Мамбетов и К” КС бас директоры:

– 1998-99-шы жылдарда Үкімет есін жиып, бізге салық жеңілдігін берді. Сол кездерде агрокредиттік корпорация, Қазагрофинанс құрылып, бізге көп көмегі тиді.

«Мамбетов и К» серіктестігі жұмысты 7,5 мың гектар алқаптан бастады. Оның өзіне тек бидай екті. Десе де біртіндеп жағдай өзгерді. Елбасы Н.Назарбаевтың ауыл шаруашылығына бағыттаған қолдауының арқасында агроқұрылымның егістік аумағы өсіп, өнімділігі артты. Кеңес үкіметі кезінде шекараның жабық болуының салдарынан қолжетімсіз болған техника пен химиялық қоспалар қолжетімдіге айналды.

Еркебұлан Мамбетов, “Мамбетов и К” КС бас директоры:

– Шекара ашылғанда мен бірнеше мемлекетке барып, шетелдік техника және технологиямен таныстым. Сонда біздің қаншалықты артта қалғанымызды түсіндім. 2005-ші жылдардан бастап шетелдік технологияны өзімізге енгізе бастадым. Шекара ашылып, JohnDeer, Claas сынды әлемдік компаниялар келді. Соның арқасында бүгінгі жетістіккке жетіп жатырмыз.

Бүгінгі жетістік ауыз толтырып айтарлықтай. Техника үнемі жаңартылуда, зиянкестермен күрес үшін топыраққа гербицид сіңіріліп, өнімділікті арттыру мақсатында химиялық қоспалар қолданылып жатыр. Препараттарды тіпті өзге мемлекеттерден алмай, өзімізде шығаруға да мүмкіндік бар. Мәселен, Аққайың ауданындағы “Токуши-Grain” серіктестігі биыл сұйық минералды тыңайтқыш жасауға арналған шағын зауыт сатып алды. Қондырғының құны – 28 млн теңге. Қуантарлығы сол – қаражаттың 25 пайызы мемлекет тарапынан төленеді. Бұның барлығы Елбасы Н.Назарбаевтың салған сара жолы дейді аграрий Жомарт Омаров.

Жомарт Омаров, “Токуши-Grain” ЖШС директоры:

– Техника алдың, 25 пайызын Үкімет қайтарып береді. Мысалы, 100 млн-ға техника алдың, 25 млн-ын қайтарып береді. Мұндай көмек қай мемлекетте бар екен? Асылтұқымды мал басын алдың, соның жартысын қайтарып береді. Ол өте қымбат тұрады. Дәрі-дәрмектерге беріп жатыр, минералды тыңайтқыштарға беріп жатыр. Оның бәрін алып жатырмыз.

Әрі мемлекеттен көрсетілетін бұл қолдауды алудың бүгінде қаншалықты оңай екенін де атап өту қажет дейді ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші.

Жомарт Омаров, “Токуши-Grain” ЖШС директоры:

– Бұрын субсидия алу үшін ауылдық әкім қол қою керек. Кейін аудандық фитосанитария қызметіне барасын, кейін терком, одан ауданның орынбасарына барып қол қоясың. Ал, қазір – дамығандық. Қазір “qoldau”-ға кіреміз, құжаттарымызды береміз де тарс етіп ала қоямыз.

Бұрын тек дәнді дақылды өсіруге басымдық беретін теріскей өңірі қазір рапс, зығыр мен күнбағысты өсіру бойынша республика көлемінде үздік боп танылды. Алайда, аграрлы сала шикізат көзі деңгейінде тұралап қалмауы тиіс. Өзімізде өсіретін астық, бағатын мал мен сауылатын сүтті өңдеу керек. Мұндай міндетті 2014-ші жылы аққайыңдар өлкесіне жасаған сапарында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев жүктеген болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті :

– Специально по переработке мы сделали программу, мяса, молока, а на юге овощей и фруктов. Мы вам животноводство внедряем конкретно. Сколько государством потрачено денег, чтобы все это купить. Это нужно сохранить, увеличить и самим воспроизводить. Пора начинать продавать мясо. Конечно легче посеял-убрал, но в животноводстве круглый год есть работа. Все обратите внимание на переработку. Со своей стороны я выход товарам открываю. Сейчас китайцы будут покупать пшеницу. Второго ноября мы открываем дорогу через Иран в Персидский залив. Ежегодно Иран закупает нашу пшеницу, и в ней нуждается весь Персидский залив.

Тұңғыш Президенттің алға қойған мақсаттары мен жергілікті аграрийлерге жүктеген міндеттері бүгінде орындалды. Сандарды сөйлетсек. 2021 жылдың 10 айында ғана ауыл шаруашылығы саласына 132 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Биыл 9 мың бас ірі қараға шақталған заманауи 16 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізіліп, 13 мың мал басына арналған бордақылау алаңы салынып жатыр. 2 құс фабрикасы, асыл тұқымды қой өсіретін 3 кәсіпорын тұрғызылуда. Жермен жұмыс істеймін, асылтұқымды төрт түлікті көбейтемін, шикізатты өңдеймін деген іскер жандарға барынша қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр. 30 жыл бұрын арман болған көрсеткіштер Елбасы Н.Назарбаевтың салған сара жолының арқасында шындыққа айналды. Бұл – аграрлы сектор мен ел дамуының тек бастапқы қадамдары…

Эльмира Садвокасова

Дана Сәлімқызы, тілші:

1991 жылы Кеңес одағы ыдырап, бөлек шыққан республикалардың барлығы көпұлтты ел ретінде танылды. Қазақстанда ол кезде 130-дан аса этнос өкілі тұрып жатты. Егеменді ел болғанның өзінде Н.Назарбаев ұлттарды бөліп жармай, барлығын бір халықтай көрді. Қазақтың мейірімділігін, бауырмалдылығын, жанашырлығы мен қонақжайлылығын көріп өскен Нұрсұлтан Әбішұлы сол кезде Қазақстан халқы Ассамблеясын құруды шешкен.

Ұлт көшбасшысы алғаш рет бұл идеясын 1992 жылы тәуелсіздіктің бір жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтты. Араға 3 жыл салып, бастамасын жүзеге асырды.

Гүлбақша Мұсабаева, «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығы» ҚБ төрайымы:

1995 жылы Н.Назарбаев жарлығымен Қазақстан Халқы Ассамблеясы деген институт құрылды. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев кемел басшылығымен, қоғамдық келісіммен, жалпыұлттық бірлікті ел дамуының басты ұстанымы ретінде тарихи беттер басталды.

Сол кезде Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде құрылған. Ұйымның басты мақсаты –
барлық этностардың мүдделерін топтастырып, азаматтарды ұлтына бөлмей, құқықтары мен бостандықтарының мінсіз сақталуын қамтамасыз ету еді. Ассамблея халқымыздың адамгершілігі мен елдегі ұлттар арасындағы бірлікті сақтаудың нақты үлгісін көрсетті. Сөйтіп, 2008 жылы Елбасы аталған ұйымға қатысты заң қабылдады. Заңға сәйкес, ұйымға конституциялық мәртебе беріліп, оның қоғамдағы саяси рөлі айтарлықтай артты.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

Ассамблеяның бүгінгі сессиясының маңызы ерекше. Биыл ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтетін жыл болып отыр. 1991 жылы еліміздің халқы үшін жаңа дәуірдің басы болды.

Биыл ұйымның құрылғанына 26 жыл толып отыр. Осы аралықта ассамблеяның өкілдері еліміздің түкпір-түкпірінде этностар арасындағы татулық пен бірлікті сақтауға үлесін қосып, аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінде Қазақстанда 130-ға жуық ұлт пен 18 конфессия өкілі бір шаңырақтың астында, тату-тәтті өмір сүруде.

Гүлбақша Мұсабаева, «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығы» ҚБ төрайымы:

Бір шаңырақтық астында 30 жылдан бері ұлт пен ұлыстың, 40 түрлі дінді уағыздайтын, 3 мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру – ол Қазақстан халқы Ассамблеясының еңбегінің нәтижесі.

Бүгінде елімізде халықты ұйыстырып, берекесін келтіріп отырған 30-дан астам Достық үйі бар. Ол жерде барлық ұлт өкілдері жиылып, өз бірлестіктерін құрды. Аққайыңдар өлкесінде де Қазақстан халқы Ассамблеясының бір буыны белсенді түрде жұмыс істеуде. Мұнда 20 этномәдени бірлестік бар. Соның ішінде әзірбайжан мәдени орталығы ассамблеямен бірге өркендеп келеді.

Чингиз Курбанов, облыстық әзірбайжан этномәдени орталығының төрағасы:

Біздің этномәдени бірлестіктің тарихы Ассамблеямен бірге басталды.
Бүгінде СҚО-да 2 мыңнан астам әзірбайжан тұрады. Олардың өз ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын меңгеруге барлық жағдай жасалған. Мұның барлығы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың арқасында. Айта кетейін, қазіргі таңда әзірбайжандықтар бір кісідей еңбек етіп, елдің дамуына өз үлестерін қосуда. Біз Елбасымыз қойған міндеттерді әрқашан ынта-жігермен жүзеге асыруға асықпыз.


Жыл сайын еліміздің бас қаласында Елбасының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтеді. Оған республиканың барлық аймақтарынан делегаттар қатысады. Ауқымды іс-шара барысында Н.Назарбаев ҚХА мүшелеріне тапсырмалар беріп, жаңа міндеттер жүктейді. Бұл міндеттердің барлығы еліміздің тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.

Дана Ешкенова

Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік жолында тер де, қан да төгілді. Азаттық үшін қазақ батырлары асынған қаруын айлап шешпей, жаумен күресті. Талай зұлмат заманды бастан өткерсек те ақыры егемендікке қол жеткіздік. Аумалы-төкпелі уақытта Нұрсұлтан Назарбаев жас елдің тізгінін ұстады. Қазақстанның өз алдына дербес мемлекет болып қалыптасып, дамуына орасан зор үлес қосты.

Нәзира Абдраманова, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:

Жастайынан қызметке жақын болған. Елімізді, жерімізде осындай деңгейге жеткізгеніне мақтан етемін. Елбасындай адамдар көп болса екен деп тілеймін.

Шаңырағымыздың биік, керегеміздің кең болуы үшін талай шаруа атқарылды. Әсіресе, білім саласы мен оның сапасына ерекше көңіл бөлінді. Тарихи мұраларымыз қайта жандана бастады. Солардың бірі де бірегейі – Абылайдың ақ үйі.

Абылайханға арналған ақ үй қалыпқа келтіріліп, жағыртудан өткен соң 2008 жылы көпшіліктің қатысуымен ашылды. Қара шаңырақтың тұсауын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, кесті.

Ғимараттың ашулы салтанатына келген қонақтарға Әсемгүл Қыдбекова экскурсия жүргізген болатын. Сол сәтте жас маман ретінде Тұңғыш Президенттің алдында сөз сөйлеуге қобалжығандығын жасырмады.

Әсемгүл Қыдбекова, «Абылай хан резиденциясы» музей кешені директорының орынбасары:

Елбасы келе жатыр дегенде қатты толқыдым. Қате айтып қалмайын деп ойладым. Маған шектеулі уақыт бергенен кейін тек маңыздысын айтқым келді.Елбасы кірген кезде қайсарлы көз қарасымен қарады. Абылайханның көзқарасына ұқсаттым. Портретінің өзінде көрініп тұр. Мен жүрек жұтып қойдым. Кейін қарапайымдылықпен жақындап келіп: «Амансың ба?» дегенде сайрай кеттім.

Елбасы 4 залды толық аралап шығып, жәдігерлердің әрқайсысымен жіті танысып шыққан екен. «Бұл қандай дүние?», «Жастарға не береді?» деген сұрақтарды жиі қойған көрінеді. Осылайша, 5 минутқа деп белгіленген экскурсия 25 минутқа созылған.

Әсемгүл Қыдбекова, «Абылай хан резиденциясы» музей кешені директорының орынбасары:

«Бұдан не айта аласыз? Бұл нені көрсетіп тұр? Ненің белгісі? Кімнің суреті?» деп сұраған болатын. Бұл жерде Жер ананың тасқа айналып бара жатқан сәті мен әйелдердің зар-мұңы бейнеленген. Осы кезде күрделі сұрақ туындаған. Жалпы, қазақ халқы этнос ретінде дамып кете алады ма деген.

Жау жағадан алып, жұт аяқтан тартып жатқан заман. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама. Елдің басын біріктіретін адам керек болды. Сонда Абылайхан үш жүздің басын жинап, жұдырық болып жұмылуға үндеді. Сөйтіп, жаулардың бетін қайтарды. Сол сияқты Елбасы да жан-жақты жүргізген сындарлы саясатының арқасында Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, барша әлемге танылды.

Әсемгүл Қыдбекова, «Абылай хан резиденциясы» музей кешені директорының орынбасары:

Елбасының ел алдында сөйлеген сөзі бар. Абылайдың аңсаған, көздеген мақсатына қазіргі таңда мен жеткіздім деп айтты. Батыр аңсаған қала бар ма, бар. Халықтың басы бірікті. Елдігіміз бар.

Ал егемендігімізді сақтап, елімізді дамыту – білім қуған жастардың қолында.

Маржан Касымбек

Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі Тұңғыш Президент залы осыдан 9 жыл бұрын ашылған. Мұнда Нұрсұлтан Әбішұлының өмірбаяны, отбасы мен қызмет жолына қатысты құнды деректер жинақталған. Тарихи жәдігерлерге толы мұражай қызметкерлерінің айтуынша оқушылар Тұңғыш Президенттің мектепте қалай оқығаны туралы жиі сұрайды екен. Нұрсұлтан Назарбаев оқу ұясын үздік аттестатпен аяқтапты. Оның сөреге қойылған оқу жетістіктеріне қарап, ұл-қыздар үлгі алады екен. Елбасы мектептен түлеп ұшқан соң білім қуып Украинаға барған. Онда 2 жыл бойы металлургия саласының қыр-сырын меңгерген.

Еркебұлан Ахметжанұлы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

– 1960-жылы Қазақстанға оралады. Содан Теміртау қаласындағы Домна пешінің жұмысшысынан аға газдаушыға дейін көтеріледі. 1969-жылы Теміртау қаласы бойынша Компартияның хатшысы қызметіне орналасады. Кейін 1984-жылы Қазақ СССР министрлер кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалған. Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі ең жас үкімет жетекшісі болса да, өзінің саяси қайраткерлігімен көзге түскен.

Айта кету қажет, музейде Нұрсұлтан Назарбаевтың металлургия комбинатында еңбек етіп жүргенде киген арнайы киімі де тұр. Ол Теміртауға барған сапарында: «Егер де менің өмірімде Магнитка мен Теміртау болмаса, мен ешқашан да Президент болмас едім»,-деп айтқан. Бұл сөздерден алғашқы қызмет жолы парасатты тұлғаның өмірін қалай өзгерткенін білуге болады.

Айсұлу Сәрсенова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

– Сонымен қатар, музейде Нұрсұлтан Әбішұлының шығу тегі жазылған шежіре бар. Ол өзінің 12 атасын біледі. Нағашы жағындағы аталары туралы да көп естіген екен. Елбасының өзі Оңтүстік Қазақстан аумағын мекендеген Шапырашты руынан шыққан. Тарихи-өлкетану музейінде Нұрсұлтан Әбішұлының қаламынан туған кітаптар да бар.

Тәні саудың – жаны сау. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев ұстанатын басты қағидалардың бірі. Жалпы, елінің жанашыры бала кезінен спортқа жақын болған. Украинада оқып жүргенде де күресшілер клубының қатарына еніп, замандастарының арасында алдыңғы қатардан көрініпті. Қазіргі уақытта да Нұрсұлтан Әбішұлының гольф, теннис сынды спорттың түрлерімен әуестенетіні белгілі.

Еркебұлан Ахметжанұлы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

Нұрсұлтан Әбішұлы жас кезінде физикалық тұрғыдан жақсы шыныққан. Сондықтан, ол металлургиядағы ауыр жұмыстарға өте төзімді болған.

Нұрсұлтан Әбішұлы қазақстандықтар үшін қиын-қыстау заманда жауапкершілікті мойнына алып, халықты сеніммен соңынан ерте білді. Тәуелсіз ел атанған мемлекеттің даму бағыттарын айқындады.

Еркебұлан Ахметжанұлы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

1997 жылы Тұңғыш Президенттің бастамасымен «Қазақстан – 2030» стратегиясы жарияланды. 7 бағыттан тұратын бұл бағдарлама еліміздің 2030 жылға қарай әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына енгізуді мақсат еткен болатын. 2012-де «Қазақстан – 2050» деп аталатын жаңа бағдарлама қабылданды.

1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде әр саланың тізгінін ұстаған мамандар үшін Елбасы залында экскурсия өткізілуде. Патрульдік полиция батальонының взвод командирі Манарбек Молдабек – тәуелсіздік құрдасы. Азамат Нұрсұлтан Әбішұлының атқарған ерен еңбегін үлгі тұтып, бейбіт әрі берекелі елде тұрып жатқанын мақтан тұтатынын айтады.

Манарбек Молдабеков, СҚО ПД патрульдік полиция батальонының взвод командирі:

Мен еліммен бірге есейіп, өркендеп келемін. Мен және менің құрдастарым бірлігі мықты елде туғанымызды мақтан етеміз. Тәуелсіз елімізге қызмет ету – біздің парызымыз. Бүгінгі күні Тәуелсіз ел атанып, бақытты өмір сүріп жатқанымыз – Елбасының арқасы.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының нақыл сөздері де жазылған. Келешек ұрпақ қанатты сөздерден мол тәлім-тәрбие алары сөзсіз.

Алтынай Казиканова

Тұңғыш Президент күнінде облыс орталығында салтанатты түрде шаңғы маусымы ашылды. Шара әуесқой және кәсіби спортшылар арасындағы жарыспен басталды. Сайысқа қатысуға ниет білдіргендердің бірі – Виталий Пенкин. Қазір азамат денесін қыздырып, дайындалу үстінде. Жерлесіміз – президенттік көпсайыс бойынша ел және әлем чемпионы. Дене бітімін жыл 12 ай бір қалыпта ұстау үшін азамат қыста шаңғы тебеді екен.

Виталий Пенкин, шаңғы жарысына қатысушы:

– Шаңғы теуіп жүргеніме 25 жылдан асты. Аптасына 2-3 рет 5-10 шақырымды еңсеремін. Себебі, спорттың бұл түрі денсаулық үшін өте пайдалы. Барлық бұлшық еттерің қозғалып, шынығады. Қыс бойы айналыссаң, ауырмайсың.

Шаңғы жарысына жиналған қауымды облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Дәурен Жандарбек, СҚО әкімінің орынбасары

– Бүгін біз ҚР Тұңғыш Президенті күнін атап отырмыз. Елбасы Тәуелсіз Қазақстанның құрылуында елеулі үлес қосты. Жас мемлекетті дамытудағы рөлі аса маңызды. Сіздерді бүгінгі маңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын.

Көп ұзамай жарыс басталды. Алғашқы сайыс – масс-старт.

Масс-старттың қашықтығы 1 шақырымды құрайды. Трасса күрделі емес. Спортшыларға бар-жоғы бір дөңге ғана шығу қажет. Сайысқа шаңғыға енді тұрып үйренгендермен бірге осы спорт түрінің жілігін шағып, майын ішкендер де қатысуда. Кәсіби спортшылар бүгін ізет танытып, ізбасарларына жол беріпті.

Ольга Вернер, шаңғы жарысына қатысушы:

– Бүгін мен үшін қос мереке. Тұңғыш Президент күнімен бірге шаңғы маусымының ашылуы. Мен 19 жыл бойы полиатлонмен айналысып келемін. Масс-стартқа денемді қыздырып алу үшін қатыстым деп те айтуға болады.

Ал, ендігі кезек – мықтылардың жарысында. Аты айтып тұрғандай сайысқа кәсіби спортшылар қатыспақ. Себебі, трасса сәл күрделілеу. Шаңғышыларға 5 шақырымнан тұратын жолда дөңге 4 мәрте көтеріліп-түсу қажет.

Владимир Щербаков, шаңғы жарысының бас төрешісі:

– Тұңғыш Президент күніне арнап шаңғы жарысын өткізу бүгінде дәстүрге айналды. Жарысқа спорт ардагерлері, кәсіби спортшылар мен мектеп оқушылары мен мұғалімдері, студенттер қатысуда. Барлығы 200-ге жуық адам бақ сынауға ниет білдірді.

Мереке күні ұйымдастырылған шаңғы жарысының қатысушыларына грамота мен медальдар табысталды.

Эльмира Садвокасова