Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалында актив отырысы өтті

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы:

– Жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынамын. Бұл – отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар үндеуім деп қабылдаңыздар.

Елбасы бірінше кезекке тұғырлы Тәуелсіздікті қойды. Еңселі егемендік аттан айлап түспеген атаның маңдай терімен, ақжаулықты ананың көз жасымен келді. “Оны қадірлеу, қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті”,- деді Нұрсұлтан Назарбаев. Одан кейін – жер. Ұшқан құстың қанаты талатын, тұлпардың тұяғы тозатын атырап ата-баба мұрасы, халық қазынасы екенін еш уақытта естен шығармау керек. Мұны “Nur Otan” партиясының жергілікті филиалының кеңсесіне жиналған жандар да айтуда. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Гүлбақша Мұсабаева ұлан-ғайыр аумақтың сақталып, шекарамыздың шегенделуіне Тұңғыш Президент өлшеусіз үлес қосты дейді.

Гүлбақша Мұсабаева, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

– 1992 мен 2005-ші жылдың аралығында Тұңғыш Президент бірнеше кездесулерге қатысып, жеріміздің аумағы бекітілді. Біздің шекарамыз 15 мың км құрайды. Ол – біздің Тәуелсіздіктің мықтылығы.

Енді қандай қағидалар баян етілмек? “Nur Otan” партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Тұңғыш Президент: “Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі. Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі, ал білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті” деген болатын. Міне, осыларды мінберден сөз алғандар рет-ретімен жіпке тізді, мән-маңызына тоқталды. Елбасының өзге де ілкімді істерін тілге тиек етті.

Гүлбақша Мұсабаева, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

– Қазақстан халқы Ассамблеясы – Елбасы жариялаған институт. Қазіргі таңда біз этномедиацияны жастардың арасында дамытуды қолға алып жатырмыз.

Жастарға көрсетілген қолдау мығым, артылған жүк те ауыр. Бірақ, жалынды қыз-жігіттер сенімге селкеу түсірмейміз деп отыр. Олар Нұрсұлтан Назарбаевтың қағидаттар жиынтығына сүйеніп, тер төгуге әрдайым әзір.

Біржан Құдайбергенов, «Jas Otan» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

Біз осы құжатты пайдалана отырып, отыз жылда жеткен жетістіктерімізді арттыра отырып, еңбек ететін боламыз.

Мереке қарсаңында “Nur Otan” партиясының қатары бірқатар солтүстікқазақстандықпен толықты. Жиын соңында 7 жерлесіміз көшбасшы ұйымның мүшесі атанды. Оларға партиялық билет және Тұңғыш Президенттің өмір жолы баяндалатын “Старт Елбасы” атты кітап табасталды.

Байболат Култанов