Мәдениет

Петропавлда «Sana» әдеби-музыкалық клубының алғашқы отырысы өтті

«Күй – құдірет, күй – ғұмыр». Жиынның шымылдығын жерлесіміз Серікбай Құсайынов өз туындысымен ашты. Қайда жүрсе де домбырасын қолынан тастамайтын жанның өнеріне сусындап болған соң, қонақтар «Sana» клубының жұмысы жайлы сөз қозғады. Ұйымға 20-ға жуық қоғам белсендісі мүшелік етеді. Олардың әрқайсысы әдебиет пен музыканың дамуына өз үлесін қоспақ.

Сағындық Салмұрзин, «Sana» әдеби-музыкалық клубының жетекшісі:

– Клуб әдеби-музыкалық болғасын, осы екі бағыттағы мәселелер қозғалады. Ақын-жазушылардың еңбегі көрсетіледі. Ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрыптар көрсетіліп, жандандырылады.

Шара барысында клуб мүшелері алғашқы жетістіктерімен де таныстырды. Журналист Зейнолла Әкімжановтың «Оттай ыстық Отынағаш» атты өлеңдер жинағының тұсауы кесілді. Туындының электронды нұсқасын жас ақын Самрат Құскенов 8 ай бойы әзірлеген екен.

Самрат Құскенов, «Sana» әдеби-музыкалық клубының мүшесі:

Зейнолла Әкімжановтың «Жерұйық» кітабы, «Soltüstik Qazaqstan» газетінде жарияланған өлеңдері болды. Зайыбы Ғалия Уахитқызы үйінде жинаған материалдарды жинадық. Осылайша, өлеңдер жинағын шығардық.

Туған жерге деген махаббат, ауылға сағыныш, ақындарға арнау және жастық шаққа саяхат. Кітапта түрлі тақырыпта жазылған 300-ге жуық өлең бар. Туындының әзірге мың данасы жарық көріпті.

Самрат Құскенов, «Sana» әдеби-музыкалық клубының мүшесі:
Арқалы ақын Зейнолла Әкімжанов шындықты шырылдап айтқан. Журналистика саласының қыр-сырын үйреніп, әдебиеттің майталманына айналған азамат. «Soltüstik Qazaqstan» газетінде жүрген әр журналисті тәрбиелеп, ұстаздық етіп, редакция жанашыры болған.

Бұл – Зейнолла Рамазанұлының жазып қалдырған 4-ші кітабы. Кезекті томның да электоронды нұсқасы әзірленіп қойылыпты. Алдағы күндері басылымға шығарылмақ.

Маржан Касымбек