Қоғам

Облыстық қоғамдық кеңес отырысы өтті

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышканттың сөзінше келер жылы аймаққа республикалық қазынадан бөлінетін қаржының көлемі 141 млрд теңгеден асады.

Наталья Дышкант, СҚО қаржы басқармасының басшысы:

– Келер жылы жергілікті білім беру саласына 47 млрд теңге бағытталмақ. Ал денсаулық сақтау саласына бюджеттен 2 млрд 157 млн теңге ғана бөлу жоспарда бар. Себебі, қалғаны міндетті әлеуметтік медициналық сақтау қорынан бөлінеді. Сондай-ақ, мәдениет саласына келер жылы 4 млрд теңгеге жуық ақша бағытталады.

Спортты дамытуға да республикалық бюджеттен келер жылы 4,5 млрд теңгеге жуық сома бағыттау жоспарда бар екен. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық арасында мемлекеттік саясатты насихаттауға 2022-ші жылы 880 млн теңге бөлінеді. Шара барысында жиынға қатысушылардан сауалдар түсті. Облыстық “Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы Галина Семенованы жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерге бөлінетін субсидия мәселесі толғандырады екен.

Галина Семенова, «СҚО Автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы:

– Қымбат, заманауи қоғамдық көліктерді сатып алуға берілетін субсидия мөлшері арта ма? Мені осы сұрақ мазалайды. Себебі, қазіргі күні жанармайдың бағасы қатты қымбаттап кетті. Қазіргі күні кәсіпкерлер түскен қаржының 70 пайызын дизельдік отын сатып алуға жұмсайды.

Қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант бұл сұрақ облыс бюджетін нақтылауға арналған отырыс барысында қаралатынын айтты. Ал 2023 пен 2024 жылдары өңірге ел қазынасынан бағытталатын қаржы көлемі 286 млрд теңгеден асады деген болжам бар.

Бердимурат Баймухан