Денсаулық сақтау

Ерлі-зайыпты еңбек ардагерлері коронавирусқа қарсы екпе қойды

2020-ның наурызына дейін Вилиора мен Бронислав Сеховтар ең белсенді қала тұрғындарының бірі болған. Күнделікті қоғамдық, мәдени іс-шараларға араласып жүріпті. Пандемия басталғалы мұны ұмытуға тура келген. Еттері үйреніп қалған жиындардың орнын үзеңгілестерімен телефон және интернет арқылы хат-хабар алысу басыпты. Еститін жаңалықтары көңіл қуантпайды. Облыстық ардагерлер кеңесіне өздерімен бірге мүшелік ететін бірқатар қария коронавирусқа шалдығып, қатты ауырған көрінеді. Ал, екі зейнеткер көз жұмыпты.

Вилиора Сехова, қала тұрғыны:

– Қызымыз – педиатр-дәрігер. Эпидемиологиялық ахуалды жақсы біледі. Жүктемесі өте ауыр екен. Балалар да, ересектер де жаппай індетке шалдығып жатыр. Ресейде тұратын ұлымның айтуынша, көрші мемлекеттегі жағдай да мәз емес. Балаларымыздың екеуі де коронавирусқа қарсы вакцина алды. Біздің денсаулығымызды уайымдап, екпе қоюға кеңес берді.

Иммундау шарасына ерлі-зайыптылар асқан жауапкершілікпен қарапты. Созылмалы аурулары болғандықтан дәрігерлердің жіті тексерісінен өткен. Ақ халаттылардың рұқсатын алғаннан кейін екпе қоюға барыпты. Қазанның 5-і -Vero Cell-дің алғашқы, ал 26-сы екінші компонентін алған.

Бронислав Сехов, қала тұрғыны:

– Вакцинаның еш теріс әсері байқалған жоқ. Өзімізді өте жақсы сезіндік. Жалпы, екпе алғанымыз дұрыс шешім деп санаймыз. Індетпен күресіп жатқанымызға 2 жыл болды. Иммундау шарасы дертті жеңуге септеседі деген ойдамын.

Коронавирусқа қарсы екпе алуға зейнеткерлер өзге де солтүстікқазақстандықтарды шақырады. Ковид-19-ға қарсы иммунитет қалыптастырып қана қалыпты өмірге орала аламыз дейді еңбек ардагерлері.

Эльмира Садвокасова