Бизнес және экономика

Биыл «Атамекен Қызылжар» МҚҰ-ға 91 өтінім түсті

Талғат Тоқтамысов биыл көктемде «Бастау Бизнес» жобасының аясында онлайн оқудан өтіп, кәсіпкерлікті меңгерді. Курс аяқталысымен бизнес идеясын комиссияға ұсынып, 580 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болыпты. Қолға түскен қаржыға 20 шақты қой сатып алған. Біраз уақыттан соң ісін кеңейтпек оймен 4 млн 950 мың теңге несие алып, оңтүстіктен асыл тұқымды қошқарлар әкелген екен.

Талғат Тоқтамысов, кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– Осы жақта гессар тұқымды қойларын өсірмекшімін. Солтүстікте олар бар, бірақ аз. Мал басын 300-ге дейін көбейту ойда бар.

Жалпы, мұндай қолдауға кез келген кәсіпкер ие бола алады. Ол үшін іскер жан “Бастау Бизнес” жобасының түлегі болғаны жөн немесе жұмыс істеп тұрған бизнесі болу керек. Мәселен, қазіргі күні облыстық кәсіпкерлер палатасының жанында құрылған микроқаржыландыру ұйымы бар. Қаржыландыру орнында ауылшаруашылығымен айналысатындарға 6 пайыздық үстемеақымен 7 млн теңгеден аса несие беріледі. Ал қаладағы кәсіпкерлер 18 млн 960 мың теңгеге дейін ақша ала алады.

Тимур Ысқақов, «Атамекен Қызылжар» МҚҰ» ЖШС директорының міндетін атқарушы:

– Біз көбінесе мал шаруашылығы бағытында жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге несие береміз. Қаржы соның ішінде мал мен оған жемазық алуға қарастырылған. Ал егін шаруашылығында тұқым мен жанармай алу үшін 36 айға дейін несие береміз. Жалпы, биыл біздің ұйымға 91 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 9 адамға 26 млн теңгеден аса қаржылай қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар, қазіргі күні аймағымыздың әр ауданында кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдау орталықтары жұмыс істеп тұр. Мұнда мамандар бизнес бастағысы келген адамдарға кеңес береді. Аталған ұйымдарда жыл басынан бері 2700-ге жуық азамат қызмет алған екен.

 

Бердимурат Баймухан