Балалар

Жастар форумы қорытындыланды

Оксана мен Анастасия – өте белсенді оқушылар. Олар мектепішілік іс-шаралардың бірде-бірін құр жібермей, салған суреттерімен, билерімен көпшілікті тәнті етеді екен. Қыздардың қарым-қабілетін бес саусақтай білетін ұстаздары байқау жайлы естіп, бақ сынауды ұсыныпты. Осылайша, жас таланттардың өнері “ТикТокерлер сайысында” сыналған.

Оксана Леонтьева, байқау қатысушысы:
Байқауға 2 күн бойы түсірген видеомызды ұсындық. Онда мен сурет салып, ал Настя билеп жатады. “ТикТок”-та айтарлықтай тәжірибеміз жоқ. Біз осы сайыс үшін әлеуметтік желіге алғашқы видеомызды жүктедік.

Жеңімпаздар қаралым саны және тақырыптық сәйкестік бойынша анықталыпты. Байқау ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылғандықтан, апалы-сіңлілі қыздар видеода қазақ халқының ұлттық болмысына баса назар аударған. Оқушылардың еңбегі еленді. Олар бірінші орын мен 100 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды.

Ал, Миндия Мосемидзе киберспортышалар арасында жүлде еншіледі. Ол компьютерлік сайыстың айтарлықтай қиын болмағанын айтады.

Миндия Мосемидзе, байқау қатысушысы:
Киберспортпен айналысып жүргеніме 1 жылға жуық уақыт өтті. Турнир 10 күнге созылды. Аса қатты қиын болды деп айта алмаймын. Тек финалдық сында көп күш жұмсауға тура келді.

Қатысушылар “Counter-Strike: GO” ойынында мүмкіндіктерін сынап көрген. Сайыстың іріктеу кезеңіне 16 команда қатысып, финалға тек 4 топ жолдама алыпты. Турнирдің қорытындысы бойынша Миндияның ұжымына 2-ші орын бұйырды. Оларға 70 мың теңгенің сертификаты табысталды. Қалған жүлдегерлер де ақшалай және естелік сыйлықтарға ие болды.

Байболат Култанов