Құқық қорғау органдары

ҰҚК қызметкерлерінің ерлігі

1992-нің 13-ші шілдесінде Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың жарлығымен елімізде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті құрылды. Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтті. Осы аралықта орган мамандары халықтың тыныштығын күзетті. Өз өмірлерін қатерге тігіп, мемлекетті іштен және сырттан төнген қауіптен қорғады. Сиясы әлі кеуіп үлгермеген «Отандық арнаулы қызметтің хроникалары» және «Мемлекеттік шекара» кітаптарында дәл осы ерліктер туралы жазылған.

Азат Каримуллин, ҚР ҰҚК СҚО бойынша департаментінің бастығы:
– Бұл кітапта қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ұлттық шекараны қорғауға лайықты үлес қосқан жедел уәкілдер, шекара қызметкерлері туралы жазылған. Бұрын құпия саналған еліміздің ішкі және сыртқы жауларына қарсы өткізілген операциялардың да беті ашылды.


«Трест», «Қарлы боран», «Торнадо» мен «Жусан». Осы және өзге де операциялар «Отандық арнаулы қызметтің хроникалары» кітабында жазылған. Хикаялардың басым бөлігінде Қазақстан аумағында халықтың ой-санасын улап, іріткі салмақ болған радикалды топтарды жою барысы жайлы баяндалады. Оқиғалардың бірі 2016-ның жазында орын алған. Маусымның 28-і халықаралық террорлық ұйым өкілдері Балқаш қаласының маңындағы Ресейге тиесілі нысандарды жармақ болыпты. Алайда, ойлары іске аспады. Ұлттық қауіпсіздік комитет қызметкерлері күн-түн демей қылмыскерлерді іздестіріп, жоспарларының күлін көкке ұшырды. Осылайша, талай адамның өмірін құтқарып қалды. Кітапта 1990-шы жылдардағы тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдар да сипатталады. Соғыстың шетін көргендердің бірі жерлесіміз – Асқар Жәменов. Әскери міндетін орындау кезінде азамат небәрі 19-дағы бозбала еді.

Асқар Жәменов, Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдар ардагерлері мен әскери қолбасшылар қоғамдық одағының СҚО бойынша филиалының төрағасы:
– Жаркенттен Тәжік-Ауған шекарасына түстім. 300 адам ішінен ең мықты деген 30 адамды таңдап алды. Біздің взводымыз дін аман оралды. Алайда, бізден кейін барған жігіттердің көбі қайта оралмады.


Ерлікпен қаза тапқан боздақтарға қарап қазіргі ізбасарлары бой түзеуде. Жарық көрген екінші кітап – «Мемлекеттік шекара» бейбіт күннің батырларына арналған. Еңбекте Отан мен отандастарына қауіп төнген сәтте батылдығымен, кәсіби шеберлігімен көзге түскен 30-дан аса маманның оқиғасы жазылған. Шекарашының қас-қағым сәті деп аталатын тарау Уәлиханов ауданына қарасты Бидайық селосында орын алған оқыс оқиғаны баяндайды.

Сергей Гайдай, «Бидайық» бақылау-өткізу шекаралық бекетінің аға нұсқаушысы:
– 2019-дың мамырында өзенге балық аулауға бет алдым. Дәл сол сәтте суға батып жатқан екі адамды көрдім. 5 жасар бала көпірдің сынған жерін байқамай өзенге құлап кеткен екен. Оны құтқаруға шешесі ұмтылыпты. Мен ойланбастан суға секіріп, екеуін де жағаға шығардым. Алайда, балғын ес-түссіз болды. Абырой болғанда, алғашқы медициналық көмектен кейін есін жинады.

Батырлық, батылдық пен отансүйгіштіктің жарқын көрінісіне айналған қос кітап 8 мың данамен жарыққа шықты. Ұлттық қауіпсіздік қызметінің мамандарымен жасалған операциялар мен ерліктер жайлы туындылар бүгіннен бастап сатылымға шықты. Сондай-ақ, еңбектерді kitap.kz интернет-платформасынан тегін оқуға мүмкіндік бар.

Эльмира Садвокасова