Спорт

Петропавл марафоншыларды қабылдады

Марафоншылар жолға қарашаның 26-шы жұлдызында Нұр-Сұлтан қаласынан шығыпты. Көкшетауға дейін 300-ден аса шақырымды еңсерген екен. Сенбі күні Петропавлға бет алды. Қазір сағат – 14:00. Түс ауа қолдарына ту ұстаған бір топ адам қаладағы Пестрое көлінің маңына да келіп жетті.

Жолда марафоншыларды жергілікті спортшылар қарсы алып, қатарларына қосылды. Марафоншылар орталыққа қарай жүгіріп келеді. Жол-жөнекей қонақтар шаһар тұрғындарына ыстық сәлем жолдап, халықты Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтауда.

Спортсүйер жандарды “Тәуелсіздік стеласының” алдында қала тұрғындары мен жастар қарсы алды. Салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев сөз алып, жиналғандарды алда келе жатқан мерекемен құттықтады. Егемендіктің 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шараны ұйымдастыруға «Астана Желаяғы» марафоншылар клубы мен «Қазақстан құрылысшылар одағы» мұрындық болып отыр екен.

Талғат Ерғалиев, «Астана желаяғы» марафоншылар клубы РҚБ төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласы:
– Біз марафонымызды жерімізді қорғап қалған батырларымызға, Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге үлес қосқан қоғам қайраткерлеріне арнаймыз.


Марафоншылардың арасындағы ең үлкені – Талапнұр Байзақ есімді азамат. Ағамыз 61 жаста. 40 жыл бойы салауатты өмір салтын сақтап келемін дейді. Бүгінге дейін талай сайыс пен марафонға қатысып, жүздеген шақырымды еңсеріпті. Петропавлға дейін бақандай 500 шақырымды жүгіріп өткен спортшының жүзінен шаршағандық мүлде байқалмайды.

Талапнұр Байзақ, марафоншы, Нұр-Сұлтан қаласы:
Спорттың барлық түріне қатыса беремін. Ешқандай қиындығы жоқ. Ең ұзақ марафонды Алматыға қарай жүгірдім. Яғни, 1 мың 270 шақырым. Сондай-ақ, ультрамарафондарға көп қатыстым.

Марафоншылар жексенбі күні ат басын Қостанай қаласына бұрды. Жолға таңғы 9-да шықты. Салауатты өмір салтын насихаттап жүрген жандар 8 күн ішінде Оралға дейінгі 2021 шақырымды бағындырмақ ниетте.

Бердимурат Баймухан