Денсаулық сақтау

№2 қалалық емханада 200-ге жуық адам “Comirnaty” вакцинасын алды

Дмитрий Федорченко 15 жаста. Өзін және жақындарын аурудан қорғау үшін оқушы бүгін емханаға келіп, вакцина алуға шешім қабылдаған. Бұндай жауапты қадам жасауға обтасындағы болған жағдай себеп болып отыр.

Дмитрий Федорченко, оқушы:

– Әжем Алматыға барып келген соң өзін жайсыз сезіне бастады. Денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түсті. Коронавирус жұқтырып алған екен. Емдеу мекемесінде 1 аптадай жатты. Дәрігерлер қанша ем жасаса да нәтиже болмады. 5 күннен кейін әжемнің қайтыс болғаны жайлы хабар келді.

Дмитрий – сыныбында вакцина алған жалғыз оқушы. Ол достарын да иммундау шарасынан өтуге шақырады. Ата-анасы мен аға-әпкелерінің барлығы екпе салдырған.

Елена Федорченко, Дмитрийдің анасы:

Қалада болып жатқан ахуалдан хабардармыз. Түрлі жайттарды естігенде бойымызды қорқыныш билейді. Қазір ауырып жатқандардың саны өте көп. Балаларды вакциналау науқаны басталған кезде бірден рұқсатымды бердім. Ұл-қыздарымның өздері де ниет танытты. Екпе алу – коронавирустан қорғанудың жалғыз жолы.

Бүгін №2 қалалық емханада 6 адам “Comirnaty” вакцинасының бірінші құрамын қабылдады. Олардың 4-еуі оқушы болса, қалғаны – бала емізетін әйелдер.

Галина Лукашевич, №2 қалалық емхананың инфекционист-дәрігері:

Күніне 12 немесе 18 адамға дейін екпе қоямыз. Вакцина алғысы келетін оқушылар мен аналардың саны көбейіп келеді. Біз тұрғындарды алдын ала жазылу бойынша қабылдаймыз. Балаларды ата-аналарының рұқсатымен ғана иммундау шарасынан өткіземіз. Вакцинадан қорқудың еш қажеті жоқ. Ол адамның денсаулығына зиян келтірмейді.

Жалпы, бүгінге дейін №2 қалалық емханада 200-ге жуық адам “Comirnaty” вакцинасын қабылдаған екен. Олардың қатарында 3 жүкті әйел және 1 бала емізетін ана бар. Қалғандары – жасөспірімдер.

Бердимурат Баймухан