Спорт

Мамлюттік спортшылар құрметке бөленді

Шапшаңдық, мергендік пен шыдамдылық. Аталған қасиеттер Мамлют ауданының тұрғыны Маргарита Ларгинаның бойынан табылады. 21 жастағы жерлесіміз 7 жыл бойы шаңғы тебумен айналысады екен. Құралайды көзге ататын өнері де бар. Спортшы бойдағы дарынды әрі қарай шыңдау үшін 2019-шы жылы полиатлон спортына бет бұрыпты. Содан бері бойжеткен ел чемпионы атанып та үлгерген. Осы күзде әлем біріншілігінде де топ жарды. Жерлесіміздің жұлдызы Ресейдің Сасово қаласында жанды.

Маргарита Ларгина, полиатлоннан әлем чемпионы:
Әлем чемпионаты қыркүйектің 28-і мен 4-ші қазан аралығында ұйымдастырылды. Оған 9 елдің мықты деген спортшылары қатысты. Шыны керек, әлемдік деңгейдегі чемпионатта алғаш рет бақ сынағандықтан, психологиялық және физикалық жағынан өте қиын болды. Дегенмен, 1 жарым ай тынымсыз жасаған жаттығу мен бапкерімнің еңбегінің арқасында полиатлоннан әлем чемпионы атандым.

Маргарита 5 шақырымдық жолды 12 минут 28 секундта еңсерген. Осындай нәтижемен әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылардың ішінде үздік атанды. Ал, Мансур Мамлютов – еркін күрестен спорт ардагері. Қазан айында ол Грекияда өткен әлем чемпионатында 35 пен 40 жас категориясында бақ сынады. Өмірінің 21 жылын спортқа арнаған теріскейліктің бұл жолы жолы болмады.

Мансур Мамлютов, еркін күрестен спорт ардагері:
Қола жүлде үшін Молдова елінің азаматымен күрестім. Өкінішке қарай, жасаған әдіс-тәсілдерімен түк те шықпай, ұтылып қалдым. Жалпы, әлем чемпионатына 40 мемлекеттің спортшылары жиналды. Ендігі бар үміт – келесі жылы Болгарияда ұйымдастырылатын сайыста. Қарсыластарыма жіберіп алған есемді сонда қайтарамын деген үміттемін. Қазір осы жарысқа дайындалып жатырмын.

Бүгін қос спортшының да еңбегі еленді. Мамлют ауданының әкімі атынан Маргаритаға – 70, ал Мансур Мамлютовке 30 мың теңгенің ақшалай сертификаты пен Алғыс хат табыс етілді.

Алтынай Казиканова