Мәдениет

Қызылжарда халықаралық айтыс өтті

Халықаралық жыр додасының шымылдығын қостанайлық Айбек Қалиев пен Шығыс Қазақстан облысынан келген Серік Қуанған ашты. Ұлы Абайдың жерінде туып, жолын қуған ақын әзілге жақын екен. Қарсыласын жиі-жиі қалжыңмен қағытып, залға жиналған жұртты күлкіге қарық қылды.

Ал орақ тілді, от ауызды Айбек Қалиев қоғамдағы өзекті мәселелерге көп мән берді. «Сен тұр, мен атайын» деген шалқар шабыт иесі елімізде орын алып жатқан соңғы жағдайларды рет-ретімен жіпке тізді.

Айбек Қалиев, айтыскер ақын, Қостанай облысы:
– Қол бастаудан да, ел бастаудан да сөз бастау қиын. Айтыстың бірінші жұбында сөз бастау оңай болған жоқ. Дегенмен, халықтың айтысқа деген пейілі мен қошеметінің арқасында қолбалжуды игердім.
Елімізде болып жатқан оқиғаларды ойға түйіп, халықты бірлікке шақырдым.

Бұл жолғы аламан айтысқа өзге елдерден де ақындар ат терлетіп келгенін айта кету қажет. Моңғолия, Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстандағы қандастарымыз Қызылжар төрінде көсіле шауып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Өзін “Өр Алтайдың жеріненмін” деп таныстырған Хавдолла Бейісханға жұртшылық «Қаз дауысты» деп баға берді. Тілі тас жаратын жігіт шеттегі қазақтардың сәлемі мен сағынышын, мәселесін жеткізді. Мағыналы сөздері және тартымды ұйқастарымен жұртшылықтың жүрегін жаулады, терең ой салды.

Хавдолла Бейісхан, айтыскер ақын, Моңғолия Республикасы:
Шеттегі қазақтардың мұңын, ата-жұртқа көшіп келу мәселесін тілге тиек етеміз. Бір елден екіншісіне көшу қиын. Байырғы қонысын қимайды, аталарының беті артта қалып кету осылардың бәрі ауыр салмақ. Бауырым көшіп келгенімен, ауылым көшіп келмейді.

Жалпы, «Тәуелсіздік – балалар аманаты» атты халықаралық жыр додасында ұшқыр ойлы 16 суырып салма ақын өнер көрсетті. Аламан айтыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені нұр-сұлтандық Әсем Ережеқызы жеңіп алды. Бірінші орынды – Хавдолла Бейісхан, екінші орынды жергілікті айтыскер ақын Жарқын Жұпархан қанжығалады. Ал, 3-ші орынға 3 ақын лайықты деп танылды. Үздіктердің барлығына ақшалай сыйақы табысталды.

Маржан Касымбек