Аптадағы маңызды жаңалықтар

Коронавирусты жеңген нәзікжанды тұрғындарды вакцина алуға шақырады

Анна Кейм құрметті еңбек демалысына шыққанымен Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесіндегі ардагерлер кеңесінің төрайымы болып қызмет етеді. Зейнеткер пандемия кезеңінде сақтық шараларына аса мән береді. Ол үйден қажеттілік туындаған кезде ғана шығады, қоғамдық көлікпен мүлде қатынамайды. Қауіпсіздікке көп көңіл бөлінгеннің өзінде 60 жастағы жерлесіміз биыл тәж вирусын жұқтырып, жансақтау бөлімшесінде жатып шыққан.

Анна Кейм, қала тұрғыны:

Мамыр айының басында әріптесім жөтеліп, түшкіре бастады. Мен бірден сескендім. Бірақ, ол аллергия деп сендірді. Бір-екі күннен кейін оның коронавирус жұқтырып алғаны белгілі болды. Кейін мен де өзімді әлсіз сезініп, денсаулығым нашарлап кетті. Сөйтіп, дәрігерлерге жүгіндім.

Өз аяғымен ауруханаға келген Анна Антольевнаның жағдайы сол кезде өте ауыр болыпты. Дәрігерлер зейнеткерді тексеріп, қандағы оттегінің сатурациясы 67 пайызға түсіп кеткенін анықтаған. Мамандар оны бірден интенсивті терапияға жатқызыпты. Бір-екі сағат өтер-өтпестен науқас жансақтау бөлімшесіне ауыстырылған екен. Ол жерде нәзікжанды 8 күн жатыпты. “Бөлімшеде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқандар көп болды”,- дейді Анна Антольевна.

Үрейлі оқиғаларды көзімен көріп, құлағымен естіген Анна Кейм сол кезде неліктен вакцина алмадым деп өкінген екен.

Анна Кейм, қала тұрғыны:

– Коронавирустан өкпем 80 пайызға зақымданды. Соған қарамастан дәрігерлер мен өлім аузынан құтқарып қалды. Ақ халаттылардың еңбегі орасан зор. Пандемия уақытында ауыртпашылықты сол жандар көтеріп келеді. Жағдайды ушықтырмай, алдын ала иммундау шарасынан өту қажет. Мен өзім қазан айында ресейлік вакцинаны салдырдым. Қазір жағдайым жақсы.

Бүгінде зейнеткер айналасындағы жандардың барлығын вакцина алуға шақырады. Анна Кейм жетекшілік ететін Оңтүстік Орал темір жолының Петропавл бөлімшесінде 2 мыңға жуық ардагер бар. Олардың 50 пайызы иммундау шарасынан өткен.

Дана Ешкенова