Құқық қорғау органдары

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске арналған акция

Полицейлер көшелерде, ірі ойын-сауық орталықтарында қала тұрғындарының қолына ақ лента байлауды ұсынып, жаднама қағаздар таратуда. Негізгі мақсат – жанжалқой күйеулерінен қорлық көретін әйелдерге проблеманы жасырмай, тиісті мамандарға жеткізудің маңыздылығын түсіндіру. Мұндай іс-шара осыдан 30 жыл бұрын алғаш рет Канадада өтіпті. Онда мыңдаған азамат әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату үшін қолдарына ақ матадан жасалған лента байлап шыққан екен. Осыдан кейін канадалықтардың бастамасын өзге елдер қолдап, акция халықаралық деңгейге жеткен.

Зарина Елубаева, қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы:

– Зорлық-зомбылық көбінесе тұрмыста орын алады. Көп таралғаны – ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдар. Соның кесірінен зейнеткерлер, жасөспірімдер зорлық пен қысымның құрбанына айналады. Егер де отбасында қысым көрсеңіз, оны жасырмай полицияға хабарлау қажет. Біз тез арада шешім қабылдаймыз.

Құқық қорғаушылар ұсынған мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері облыста 2400-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олар үйлерінде ұрыс шығарып, отбасының шырқын бұзған. Тәртіпсіз жандардың 600-ден астамы қамауға алынса, 166-сына қатысты сот ұйғарымы шығарылыпты.

Елена Синицына, қала тұрғыны:

Әрине, зорлық-зомбылыққа қарсымын. Кейбір отбасында ер адамдар жақындарына қысым көрсетіп, балалары мен әйелдерін ренжітеді. Қыз-келіншектерге айтарым, мұндайға шыдаудың қажеті жоқ. Бізде арнайы жұмыс істейтін орган бар, бірден сонда жүгіну қажет.

Тәртіп сақшылары тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен жандарды «102» нөміріне хабарласып, полицейлердің көмегіне жүгінуге шақырады. Сонымен қатар, App Store және Google Play платформалары арқылы Ішкі істер министрлігінің ресми қосымшасын жүктеп, көмек алуға болатынын ескертеді.

Бердимурат Баймухан