Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ревакцинациядан мыңға жуық теріскейлік өтті

Соңғы тәулікте өңірде 138 адам коронавирусқа шалдыққан. Науқастардың басым бөлігі – әдеттегідей петропавлдықтар. Облыс орталығында 67 жағдай тіркелген. Жалпы, аймақта соңғы екі аптада 1900-ден астам жан тәж вирусын жұқтырған. Бұл алдыңғы қос аптадағы көрсеткіштен 5,3 пайызға кем Демек, өңірде эпидахуал біртіндеп тұрақталып келеді.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Алайда, аурудың өсуі облыстың жекелеген аудандарында байқалады:
Есілде – 1,3 есеге, М.Жұмабаевта – 1 жағдайға, Тайыншада 2 жағдайға артқан. Соңғы 7 күнде 100 мың халыққа шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші Қазақстан аймақтарындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша 170,9-ды құрады, облыс – бұрынғысынша «қызыл» аймақта.


Енді өңірдегі иммундау шарасына тоқталсақ. Бүгінге дейін 243 мыңнан астам солтүстікқазақстандық вакцинаның толық курсынан өткен. Өткен аптадан бері 12 жастан асқан балаларды, жүкті әйелдерді және бала емізетін аналарды вакциналау басталды. Арнайы санаттағы жандарға АҚШ-тың “Pfizer” компаниясы шығарған “Comirnaty” екпесі салынуда. Қазіргі таңда препаратты 1600-ге жуық адам қабылдаған.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Барлығы 1567 адам егілді, оның ішінде 1149-ы – жасөспірімдер, 371-і – бала емізетін және 47-сі – жүкті әйелдер. Екпе алғандардың барлығы өздерін қанағаттанарлық сезінеді, жағымсыз реакциялар тіркелген жоқ.

Сондай-ақ, осы аптада ревакцинация басталды. Бүгінге дейін мыңға жуық солтүстікқазақстандық кезекті екпе алды. Бұның барлығы – індеттің жайылуына тосқауыл қою үшін жасалып жатқан жұмыстар.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Коронавирустың өршуіне тосқауыл қою үшін өңірде барлық жағдай жасалып жатыр. Вакциналардың дозалары жеткілікті көлемде жеткізілді. Тағы бір қаперге салатын жайт – індеттен құтылудың бірден-бір жолы ол – иммундау шарасы. Екпенің көмегімен ауруды жұқтырғанның өзінде жеңіл өткеруге болады.

Коронавирусты жұқтырған науқастарға арналып облыс стационарларында 1800-ге тарта төсек-орын әзірленген. Оның жартысына жуығы толық. Науқастардың 68 пайызының жағдайы ауыр деп бағалануда. 49 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Ал 23 азамат интенсивті терапия бөлімінде ем қабылдауда. 400-ден астам науқас оттегі концентратына қосылған. Мамандардың айтуынша, өңірде тәулік сайын 3-5 адам коронавирустан көз жұмады.

Дана Ешкенова