Денсаулық сақтау

Облыста 10 айдың ішінде 125 адам иммундық тапшылық вирусына шалдыққан

Коронавирус, коронавирус деп 21-ғасырдың дерті ұмыт қалғандай. Бірақ, мамандардың сөзінше, қанын тексертуге келетіндердің саны кемімеген. Яғни, денсаулығын ойлап, дәрігерлер бақылауына баратындар көбейген көрінеді. Мәселен, ағымдағы жылдың 10 айында облыс бойынша 76 мыңға жуық адам иммун тапшылығы вирусына тексерістен өткен.

Юлия Дигтяр, ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығы зертхана меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Күн сайын зертханаға облыстың түкпір-түкпірінен 300-ден 500-ке дейін сынама жеткізіледі. Біз тестті заманауи аппараттардың көмегімен жасаймыз. Мәселен биыл автоматтандырылған анализатор сатып алдық. Қондырғы бір сағаттың ішінде 100 сараптама жасауға қауқарлы.

Қауіпті дерт тест тапсырған солтүстікқазақстандықтардың 125-інің бойынан табылған. Бұл 2020-мен салыстырғанда 18 пайызға кем екен. Бірақ, соның өзі тұрғындар саны аз біздің облыс үшін көп. Статистикаға сүйенсек, адамның иммун тапшылығы вирусына негізінен 20 мен 49 жас аралығындағы азаматтар шалдығуда. Оның ішінде ерлердің үлесі басым.

Раушан Есеркенова, ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың эпидемиолог-дәрігері:

– Инфекцияның жыныстық жолмен берілуі 1-ші орында тұр. Биыл есепке қойылған адамдардың 50 пайыздан астамы дертті дәл осы жолмен жұқтырған. Ал, қалғандары есірткіні көктамырға енгізу кезінде стерильді шприцті пайдаланбағандықтан шалдыққан. Бұрын статистика керісінше болатын. Яғни, қазір адамның иммун тапшылығы вирусы нашақорлар қауымынан жалпы қоғамға өтті.

Адамның иммун тапшылығы вирусы бірден байқалмайды. Ол ағзаны біртіндеп жаулап ала бастайды. Алдымен індет қарапайым жедел респираторлық вирус, диарея сынды білінуі мүмкін. Кейін лимфалық түйіндердің көлемі үлкейеді. Бұл ретте азаматтарға бірден тест тапсырып, бақылаудан өткен жөн. Дерт анықталып жатса, дәрігерлер қажетті препараттарды тағайындайды. Айта кету қажет, ЖИТС орталығында есепте тұрған жандар үшін дәрі-дәрмек тегін беріледі.

Дана Ермекова, ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың эпидемиолог-дәрігері:

– Антиретровирустық терапияны қабылдаған кезде вирусты ағзадан толығымен алып тастау мүмкін емес, бірақ оның көбеюін басуға болады, соның арқасында ағзадағы вирустың мөлшері (вирустық жүктеме) анықталмайтынға дейін азаяды.

Басты шарт – антиретровирустық терапияны үзбей жүргізу қажет. Яғни, дәрігерлермен тағайындалған дәрі-дәрмекті күн сайын қабылдау қажет. Осылайша адамның иммун тапшылығы вирусына шалдыққан жан өзгелер сынды толыққанды өмір сүре алады. Вирустық жүктемесі төмен азаматтардан індет басқаларға жұқпайды, анадан балаға берілмейді. Жалпы, бүгінде облыс бойынша 1000-нан аса солтүстікқазақстандық АИТВ инфекциясымен есепте тұр. Олардың барлығы бірдей дәрі-дәрмекпен қамтылып, жылына 2-3 мәрте ақ халаттылар бақылауынан өтіп тұрады.

Эльмира Садвокасова