Денсаулық сақтау

Қызылжар ауданында 50-ге жуық адам “Comirnaty” вакцинасын алды

Қызылжар ауданына қарасты Новоникольское ауылына “Comirnaty” вакцинасының алғашқы легі қарашаның 24-ші жұлдызында жеткізіліпті. Содан бері мұндағы ақхалаттылар арнайы санаттағы жандар үшін иммундау шарасын жүргізуді бастаған. Қазірге дейін ауылдағы 12 адамға препараттың жаңа түрі қойылыпты. Бүгін ауылға ауданнан тағы да 18 доза вакцина жеткізілді.

Вера Красикова, Новоникольское дәрігерлік амбулаториясының медбикесі, Қызылжар ауданы:

– Біздің селолық округке жақын маңдағы тағы екі елді мекен кіреді. Амбулатория жалғыз болғандықтан көрші ауылдың тұрғындары да вакцинаны осында келіп қойдырады. Келмес бұрын алдын ала жазылып алады. Сол тізім бойынша екпе қоямыз. Себебі, бір ампула 6 адамға арналған.

Бүгін амбулаторияға жергілікті мектеп оқушылары ата-аналарымен бірге келді. Әке-шешесінің рұқсатын алған ұл-қыздар дәрігердің мұқият тексерісінен өтеді. Медициналық қызметкер қойған сұрақтарға жауап бергеннен кейін ғана екпе қойылады.

Сыныбымызда 15 оқушы бар. Мен алғаш болып вакцина қойдырттым. Өзімді жақсы сезініп тұрмын.

Вакцинаны өз қалауыммен қабылдадым. Аурудан қорғану керек. Елдегі коронавирустық ахуал жайлы теледидардан күнде көремін. Жағдайды жақсарту үшін әр адам вакцина қойдыруы қажет деп ойлаймын.

Оқушылардан бөлек “Comirnaty”-ді бала емізіп жүрген аналар да қабылдауда. Бүгінге дейін аудандағы осындай 15 ана иммундау шарасының алғашқы кезеңінен өткен. Татьяна Пашкова да бүгін көрші ауылдан келіп екпе алды.

Татьяна Пашкова, Новоалександровка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

Менің екі балам бар. Үлкені бес жаста, кенжем 1 жастан асты. Солардың амандығы үшін вакцина алдым. Жақындарымның арасында сырқаттанғандар жоқ. Бірақ, сонда да қауіптенемін.

Жалпы, Қызылжар ауданында бүгінге дейін 50-ге жуық адам “Comirnaty” вакцинасын қойдыртыпты. Екпе қабылдағандардың басым көпшілігі – жасөспірімдер.

Бердимурат Баймухан