ТЖ

Құтқарушылар оқу-жаттығу жиынын өткізді

Петропавл арақ зауытында өрт оқиғасы орын алды. Тілсіз жау техникалық ақаудың салдарынан бас көтерді. Мамандар қызыл жалынды дер кезінде ауыздықтап, түтінге тұншыққан адамдарды қауіпсіз жерге шығарды. Бұл – кезекті оқу-жаттығу жиынының сценарийі. Арнайы іс-шараға 30-дан астам қызметкер қатысып, шеберліктерін шыңдады.

Мұндай жағдайда әр секунд маңызды. Сондықтан, құтқарушылар жылдам әрекет етті. Олар Петропавл арақ зауытына келе сала тілсіз жаудың неден бас көтергенін, қарқынын анықтады. Белгілі болғандай, нысанда техникалық ақаулар орын алып, спирт жан-жаққа аққан. Артынша өрт орын алған.

Құтқарушылар жалынды шамамен жарты сағаттың ішінде толықтай сөндірді. Қауырт іс барысында тілсіз жаудан зардап шеккен зауыт қызметкерлері де анықталды. Үшінші қабатта көк түтінге тұншыққан 2 адамды мамандар лезде қауіпсіз жерге шығарды. Мұндай өрт-тактикалық оқу-жаттығу құтқарушылардың шеберлігін шыңдап, апаттарға әзірліктерін пысықтауға септеседі дейді ұйымдастырушылар.

Марат Нұрғалиев, қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының уақытша міндетін атқарушы:

Өрт-тактикалық оқу-жаттығуларына жеке құрамнан 30-дан астам қызметкер мен 7 бірлік техника жұмылдырылды. Тағы бұл іс-шараға 3 арнайы және 2 көмекші техника тартылды. Жаттығу барысында құтқарушылар өздерін жақсы қырынан көрсете білді. Осындай жиындарды алдағы уақытта да өткізу қажет.

Жаттығу аяқталған соң, құтқарушыларға кәсіпорындағы өрт сөндіру құрылғылары көрсетілді.

Алтынай Казиканова