Бизнес және экономика

Іскер нәзікжанды қарттар үйін ашты

Альбина Кушкаренко жанына жақын жандардың бәрінен айырылған. Жападан жалғыз қалған қария бұрын қаладағы жатақханалардың бірінде тұрыпты. 4 қабырғадағы жалғыз жұбанышы теледидар болған. Сондай күндердің бірінде зейнеткердің жағдайы нашарлап, инсультқа ұшырайды. Бірнеше ай бойы үйіне әлеуметтік қызметкер келіп көмектесіп тұрған. Қария 2 апта бұрын қаладағы қарттар үйіне көшуді жөн көреді.

Альбина Кушкаренко:

Жұмыс істеп жүрген кезде жалғыздығым байқалмайтын. Зейнетке шыққан соң, біраз уақыт не істерімді білмей жүрдім. Түрлі ой мазалап, оның үстіне ауруым да асқынып, өмірден жалыға бастадым. Кейін қарттар үйіне баруға шешім қабылдадым.

Қамқорлық пен қолдаудың арқасында Альбина Ивановнаның беті бері қарап, қол-аяғы қозғала бастаған. Жүріп-тұруына іскер нәзікжанды Гаухар Ахметжанова көмектеседі.

Альбина Кушкаренко:

Гаухар күндіз-түні қасымнан табылады. Жағдайымды жасап, қолынан келгенше көмек көрсетуде. Керек кезде жедел жәрдем қызметкерлерін шақырып береді. Күніне екі рет таза ауа жұту үшін далада серуендетеді. Тамағымды да уақытылы беріп тұрады. Көрсетілген көмегі үшін зейнетақымның бір бөлігін беріп отырамын.

Жалғыз қалған қарттарға қолдау көрсету Гаухар Ахметжанованың бала кезгі арманы болыпты. Баспанадан, мейірімнен де айырылған жандарды құшағына басу үшін қарттар үйін ашқан. Келушілер өзін үйдегідей сезінсін деп мекемеге керек-жарақтың бәрін сатып алыпты. Шақыру түймесіне дейін бар.

Гаухар Ахметжанова:

Бала кезгі арманымды жүзеге асыру үшін «Бастау» жобасы аясында 2 апталық курстан өттім. Білімімді жетілдіріп, кәсіп ашудың жолдарын үйрендім. Дайындаған жобам қазылар алқасының көңілінен шығып, шамамен 600 мың теңгенің грантын жеңіп алдым.

Мемлекеттен берілген қайтарымсыз грантқа іскер келіншек демалуға арналған және жатын бөлмелерді жайлы етіп жабдықтаған. Үстел мен орындықтар, диван мен 10-ға жуық төсек-орын алған. Ал нысанның өзін жалдап отыр.

Гаухар Ахметжанова:

Зейнеткерлерге тәулік бойы қызмет көрсетемін. Тамағын пісіріп, жағдайын жасайтын да өзім. Қажет кезде шашын қиып, тырнағын аламын. Дәрілерін уақытында ішуін қадағалаймын.

Егер келушілер саны көбейіп жатса, Гаухар Ахметжанова жанына көмекшілерді де алмақ ниетте.

Маржан Касымбек