Денсаулық сақтау

Биыл облыстық қан орталығында 6700-ден астам адам қан тапсырған

Донор болу – сауапты іс. Петропавлдық Ермек Мауытов 2015 жылдан бері облыстық қан орталығына келіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созады. 45 жастағы азамат бұл мекемеде 3 айда 1 рет бой көрсетіп отырады екен. Әр келген сайын мамандар жанашыр жаннан 3-ші топқа жататын 450 миллилитр қан алады. “Осылайша, өзгенің өмірін сақтап қалуға жәрдемдесем және өзімнің денсаулығымды жақсартамын”,- дейді жомарт жерлесіміз.

Ермек Мауытов, донор:

Менің гемоглобинім генетика бойынша жоғары. Сондықтан, маған қан тапсырып отыру керек. Гемоглобинім 160 пен 170-тің арасында. Қан тапсыру бір жағынан өзіме пайдалы, гемоглобинім реттеледі. Қан қою болғандықтан, қан қысымы көтеріліп, ауруға әкелуі мүмкін.

Ал, Ольга Ломзованың қан тобы – 1-ші оң. Нәзікжандының донор болып жүргеніне 10 жылға жуықтапты. Осы үшін оған «Құрметті доноры» атағы берілген. Азаматша кішкентай балалар үшін қан плазмасын да тапсырады екен.

Ольга Ломзова, донор:

Мен өзім биология пәнінің мұғалімімін. Қан тапсыру әр адам үшін пайдалы екендігін жақсы білемін. Бұл туралы оқушыларыма да айтып отырамын. Әрі үйде ұл-қызымды донорлық іске ат салысуға шақырамын. Қазіргі таңда менің жолымды тұңғышым жалғап жүр. Жалпы, орталыққа 2 айда 1 рет келіп тұрам.

Облыстық қан орталығына күніне 50-ге жуық донор келіп қан тапсырады. Бүгінде мұнда қан мен қан плазмасының мөлшері жеткілікті деңгейде. Өзгенің өміріне алаңдап, мейірімділік танытатындардың арасында жастар мен егде жастағы жандар да бар.

Валентин Дигтяр, облыстық қан орталығы директорының орынбасары:

Жыл басынан бері біздің орталықта 6700-ден астам жан қан тапсырды. Бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда 950 кісіге кем екенін аңғардық. Өткен жылы 7679 солтүстікқазақстандық донор атанған болатын. Негізі, адам қанды 2 айда 1 рет тапсыруы керек. Дегенмен, одан кешіктірсе де болады.

Бүгінде облыстық қан орталығы аймақтағы 20-ға жуық медициналық нысанды қанмен қамтамасыз етіп отыр.

Алтынай Казиканова