Спорт

Асық атудан қалалық ашық чемпионат өтті

Мына жерде СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті мен Мамлют ауданының өкілі бақ сынасуда. Қарсыластар бір-бірімен 3 партия ойнайды. Әрқайсысына 7 минуттан беріледі. Осы уақыт аралығында жігіттер шеңбер ортасындағы асықтарды сақамен атып, сыртқа шығарады. Кімнің ұпайы басым, сол келесі кезеңге өтеді.

Жасұлан Мұқаш, турнирге қатысушы:

Мен қазір екінші қарсыласыммен ойнап жатырмын. Есеп – 1:1. 7 минутта 8 асық шығару керек. Мен 6-ын шығарып тұрмын. Жарысқа келгендердің ешқайсысы осал емес. Бәрі жақсы дайындалған.

Қалған 2 партияда 18 жастағы Жасұлан қателіктерге бой алдырып, қарсыласына есе жіберді. Осылайша, мамлюттік жігіт келесі кезеңге өтті.

Асық атуға жалынды жастар да, алпысты алқымдаған ағалар да қатысып жатыр. Ойын алаңында – 17 жастағы Дінмұхаммед Бұқарбай мен 56-дағы Марат Рахметов. СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті мен Жамбыл ауданының өкілі бір-біріне лайықты қарсылық танытты. Дегенмен, тәжірибенің аты тәжірибе Марат Қаратайұлы алғашқы 2 партияда Дінмұхаммедтен басым түсті. Соңғы кезеңде ұтылғанымен, жалпы ұпай сандарын есептей келе жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Марат Рахметов, турнирге қатысушы:

Бала кезімнен асық атам. Әлі ұмытқан жоқпын. Жастар қосылып, ойыншылар жылдан-жылға көбеюде. Балалар интернеттен шықпайды. Бізге қарап, мектепте көп оқушы қызығып жатыр. Қыздар 5 асық ойнайды.

Асық атудан ұйымдастырылған ашық қалалық турнирге 8 құрама қатысты. Спортшылар кәсіптік-педагогикалық колледжінің, М.Жұмабаев, Жамбыл және Есіл аудандарының намысын қорғады.

Мейрамбек Үтенов, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің дене шынықтыру пәні оқытушысы:

Асық ату колледжде 5 жылдан бері дамып келе жатыр. Балалар жақсы өнер көрсетіп жүр. Облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындар алады. Ұлттық спорт түрлерінің арқасында жігіттер бір-бірімен бірігіп, намыстарын қолдан бермей жарысуда.

Жарыс нәтижесіне сай, кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттері үздік атанды. Спортшыларға алғыс хат пен облыстық турнирге жолдама берілді. Өңірдің “сен тұр, мен атайын” деген спортшылары бақ сынасатын жарыс көктемде ұйымдастырылмақ. Айта кеткен жөн, биылдан бастап ел біріншілігінде топ жарғандарға “Асық атудан спорт шебері” атағы беріледі.

Маржан Касымбек