Спорт

«Qýanysh» волейбол клубының спортшылары марапатталды

Соңғы жылдары «Qýanysh» волейбол клубы қуантарлық көрсеткішке қол жеткізіп жүр. Спортшылар өңір намысын “Қазақстан кубогында” және ел біріншілінде қорғап, үздіктер қатарынан көрінді. Бүгін бұрымдыларды кезекті жетістіктерімен облыс әкімінің атынан дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов құттықтап, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.

Сергей Мелехов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Биыл да біздің «Qýanysh» клубы тарихта болмаған жетістікке жетіп отыр. Волейболшылар “Қазақстан кубогында” сәтті өнер көрсетіп, қола медаль иеленді. Осы жүлдемен «Qýanysh» клубының ойыншыларын облыс әкімінің атынан құттықтаймын. Үнемі сәттілік серік болып, жеңістеріңіз жеңіске ұлассын.

Сергей Мелехов клуб басшылығы мен волейболшы бұрымдыларға облыс әкімдігі атынан 1 жарым млн теңгенің сертификатын табыс етті.

Айта кетейік, жуырда ғана волейбол ойындарының жаңа маусымы бастау алды. Чемпионаттың 1-ші туры Петропавлда өтті. Дүбірлі додада 8 бірдей команда өзара сынға түсіп, үздіктерді анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша жергілікті құрама 3-ші орыннан көрінді.

Татьяна Алодошина, «Qýanysh» ВК капитаны:

Жаңа маусымда біздің аяқ алысымыз жаман емес. Қарсыластармыз да мықты дайындықпен келді. Командалар арасында біз үшін ең қиын қарсылас ол – «Altay» мен “Zhetysu” құрамалары. Екеуіне де осы жолы есе жіберіп алдық. Қазір кемшін кеткен тұстар бойынша жұмыс жасап жатырмыз. 2-ші турда жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.

«Qýanysh» құрамасына жаңа маусымда жаңа ойыншылар келіп отыр. Бұрымдылар бір-біріне енді үйреніп келеді. Оған қоса, биыл жаттықтырушылары да ауысыпты.

Қайырбек Хамзин, «Qýanysh» ВК директоры:

Биыл құраманың тең жартысы ауысты. Жаңа бапкер келді. Жаттықтырушы – Сербия елінің тумасы. Өте тәжірибелі маман. Команда ұйысып, алдағы уақытта жақсы нәтижелерімен қуантады деген ойдамын. Жалпы, волейболшылар үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Биыл ғана жаңа арена пайдалануға берілді.

Айта кетейік, қазір «Qýanysh» волейбол клубы ел чемпионатының екінші кезеңіне қызу дайындалып жатыр. 10 күнге жалғасатын жарыс желтоқсанның 18-і бастау алмақ. Дүбірлі дода Талдықорған қаласында өтеді.

Дана Ешкенова