Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жастардың мәселелері билік өкілдерімен талқылануы тиіс

Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты! Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында кешегі марғасқа Мағжан атамыз жырға қосқан 99 мыңға жуық жас тұрады. Олардың басым бөлігі елді мекендерде өмір сүріп жатыр. Бұл жастарды жұмыспен қамту, идеяларын қолдау мақсатында елімізде бірнеше бағдарлама жұмыс істейді. “Дипломмен ауылға”, “Жасыл ел” сынды жобалар көпшілікке жақсы таныс. Соңғы жылдары өзге де бастамалар кең етек жайып келеді.

Асқар Баймұқанов, СҚО ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Жыл басынан бері өңірімізде жастар тәжірибесінен өтуге 433 адам жіберілді. “Алғашқы жұмыс орны” жобасы бойынша 69 қыз-жігіт екі қолға бір күрекпен қамтылды. Ал «Ұрпақтар келісімшарты» аясында 9 жас жұмысқа тұрды. Облысымызда кәсіпкерлік саласына бет бұрған азаматтар баршылық. Биыл мұндай жандарға жалпы құны 315 млн теңге болатын 63 несие берілді. Сонымен қатар, “Бастау” жобасы бойынша 195 млн теңгенің 340 гранты үлестірілді.

Осы орайда көпшілікке әлі танылып үлгермеген «Ұрпақтар келісімшарты» атты тың бастамаға толығырақ тоқталайық. Бұл – пилоттық жоба. Оның механизмі қарапайым. Кез келген жас келісім аясында қандайда бір мекемеге немесе өндіріс орнына жақын арада зейнетке шығатын жанның ізбасары ретінде жұмысқа тұрады. Сол жерде өзін жақсы қырынан көрсетсе, артынша еңбекпен қамтылады. Яғни, азамат екі қолға бір күрек табады, ал қызмет ұсынушы жұмысшы іздеп қиналмайды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Бұл – өте жақсы механизм. Бастама міндетті түрде жүзеге асырылып, аясы кеңеюі тиіс. Ол үшін қызмет ұсынушылар арасында ақпараттандыру жұмысын жүргізу қажет. Әрине, қыз-жігіттер жұмысқа автоматты түрде қабылданбайды. Олар өздерін жақсы қырларынан көрсетулері қажет. Көздерінде от ойнап, жүздерінде еңбекке деген құлшыныс байқалса, ұжымға қосылады.

Осындай мүмкіндіктер көптеп жасалса, туға жерге ту тігетін жастардың да қатары артпақ. Әйтпесе, арамызда өзге жаққа қоныс аударуды көздейтін жандар баршылық. Қуантарлығы, бұл көрсеткіш күннен-күнге азайып келеді екен. Мысалы, 2018 жылы 2 мыңға жуық жас басқа елге немесе басқа облысқа көшіп кетіпті. Ал биыл теріскейдегі тіркеуден 800-ге тарта адам шыққан. Бұған қоғамдағы түрлі проблемалар да себеп болуы мүмкін. Күрмеуі күрделі түйіндерді көпке созбай шешу үшін іске билік өкілері араласуы керек. Яғни, қыз-жігіттер басшылармен бетпе-бет кездесіп, көкейдегі мәселені жеткізуі қажет. Осы орайда Құмар Ақсақаловтың мынандай ұсынысы бар.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Жастар бастамалары орталығында тұрақты түрде жұмыс істейтін диалог алаңын құру қажет деген ұсыныс білдіргім келеді. Ол жерге билік өкілдері шақырылып, өздеріңізді толғандырған проблемалар, маңызды мәселелер талқылануы тиіс. Осындай жаңашылдық пайда болғанын қалаймын. Өзім мұндай диалог алаңына барып, қатарластарыңыздан қойылған сұрақтарға жауап берер едім. Бастамаларды да талқылар едік.

Еңбекпен қамтылған қыз-жігіттермен де үнемі байланыста болып, қызметтегі аяқ алысын білу қажет! Бұл – облыс әкімінің екінші ұсынысы. Егер қандай да бір жас жұмыстан шықса, себебін білген, толғандырған мәселесіне мән берген маңызды. Билік пен жастар арасы неғұрлым жақын болса, соғұрлым проблемалар да шешіледі, іс бастаған жандар кәсіптерін де кеңге жаяды. Бүгінде бизнесвумен Зарина Мавлянова мемлекеттік қолдаудың арқасында көпке танылып отыр. Он саусағынан бал тамған ару тігіншілікпен айналысады.

Зарина Мавлянова, кәсіпкер:

2019 жылы “Жас кәсіпкер” жобасы аясында 2 апталық курстан өтіп, грант иегері атандым. Мемлекеттен берілген ақшаға өзімнің алғашқы тігін машинамды сатып алдым. Сөйтіп, той киімдерін, ұлттық киімдерді, түрлі атрибуттарды мықтап тігуге кірістім. Ал биыл “Даму” қорының 5 млн теңгелік грантын ұтып алдым. Өндірісті одан әрі кеңейткім келеді. Болашақта жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмын. Бүгінде бірнеше адамға тігіншілік ісінің қыр-сырын үйретіп жатырмыз.

Жиын соңында Құмар Ақсақалов бейінді басқарма мен аудан, қала әкімдеріне «Ұрпақтар келісімшарты» жобасын жүзеге асыру үшін қызмет берушілер арасында іріктеу жүргізуді тапсырды. Баспана – жастардың басты мәселелерінің бірі. Қыз-жігіттерді тұрғын үймен қамту үшін өңір жетекшісі орынбасары Сәтжан Аблалиев пен “Отбасы банкнің” жергілікті филиалының директорына бірлесе жұмыс істеп, тиімді ұсыныс білдіруді жүктеді.

Байболат Култанов