Бизнес және экономика

«Радуга» серіктестігі ерекше жобаны қолға алды

Алдағы бірнеше жылда Петропавлда ашық жатқан құдықтардың саны еселеп азаймақ. Бәрімізге белгілі, қаланың шеткері аумақтарындағы қақпақтар жиі ұрланып кетеді. Баукеспелер шойыннан жасалған ауыр дүниені темірге өткізіп, ақша табады. Енді заңсыз кәсіптің жолы түпкілікті кесіледі.Бұдан былай темір қақпақтардың орнын мынадай зат алмастырады. Оны қаламыздағы «Радуга» серіктестігі құм араласқан полимерден жасайды. Заманауи қақпақтар өте берік. 15-25 тонна ауырлықты оңай көтереді.

Александр Пилипушко, «Радуга» ЖШС технологы:

Кварцтелген құм, полимер және қара бояуды 250-300 градуста қыздырып араластырамыз. Кейін оны арнайы қалыпқа салып тығыздаймыз. Сонда ерекше қақпақ түрі пайда болады. Өндіріске қажетті құмды Көкшетаудан аламыз. Ал пластик – өзіміздікі. Себебі, біздің зауытта тұрмыстық қалдықтар қайта өңделіп, осындай заттарды шығаруда қолданылады.

Іргелі кәсіпорында заманауи қақпақтардың айына 500 данасы шығарылатын болады. Қазірдің өзінде жергілікті кәсіпкерлерден тапсырыс көптеп түсіп жатыр. Себебі, мұндай дүние әжептәуір жеңіл әрі бағасы да қалта қақпайды екен. Мысалы, қазір темірден жасалған дәл осындай заттың 1 данасы 20 мың теңге тұрады. Ал оның заманауи баламасының құны небәрі 5 мың теңгені құрайды.

Александр Пилипушко, «Радуга» ЖШС технологы:

Алғашқы партияны жергілікті кәсіпкерлердің бірі сатып алды. Оған 200 данасын жасап бердік. Болашақта тағы да тапсырыс бермекші. Қызығушылық танытып жатқан жандар көп. Қазірдің өзінде 200-ден аса қақпақ дайындап жатырмыз. Келешекте жергілікті тауарды еліміздің басқа қалаларына да экспортқа жібереміз. Мұндай зауыт оңтүстікте ғана бар. Теріскейде алғаш рет ашылып отыр.

Жаңа жоба мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асырылды. Зауытты іске қосу үшін 273 млн теңгеден аса қаржы жұмсалыпты. Аталған соманың 20 пайызын кәсіпорын өзі құйған. Қалған қаражат үкіметтен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 8 пайыздық үстемақымен несие ретінде беріліпті.

Бердимурат Баймухан