Денсаулық сақтау

М.Жұмабаев ауданында 13 мың 500-ден аса адам иммундау шарасынан өтті

Виталий Воробьев 14 жаста. 9-шы сынып оқушысы коронавирусқа қарсы вакцина алуға ниет білдіргендердің қатарында. Қазір жасөспірім дәрігердің қарауынан өтіп жатыр. Ақ халаттылар балалардың дене қызуы мен қан қысымын өлшеп, медициналық кітапшаларындағы жазбалармен танысуда. Жіті тексерістен өткен соң Виталийге Pfizer компаниясының екпесі қойылды.

Виталий Воробьев, Таманск бөбекжай-бақша-мектеп кешенінің оқушысы, М.Жұмабаев ауданы:

– Екпе алу туралы шешімді ата-анамызбен ақылдасып отырып қабылдадым. Менің иммунитетім жақсы, әр түрлі вирустық аурулармен өте сирек ауырамын. Енді ағзам ковид-19-ға да қарсы тұра алатын болады. Қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын. Әлі жарты сағат медициналық қызметкерлердің бақылауында боламын.

Анна Воробьева, Таманск селосының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Еліміздегі эпидуахуал тұрақты емес. Сондықтан, жақындарыңды ойлап уайымдайсың. Екі ұлым да вакцина алуға ниет білдірді. Біз қарсылық білдірген жоқпыз, керісінше таңдауларын қолдадық. Келесі жылы балам колледжге оқуға түседі. Үлкен қалаға кеткенде де денсаулығы үшін жаным тыныш болады.

Таманск бөбекжай-бақша-мектеп кешенінде барлығы 100-ге жуық бала білім алуда. Олардың ішінде 58 жеткіншектің жасы 12-ден асқан. Қазір 7 баланың ата-анасы иммундау шарасынан өтуге өз рұқсаттарын беріпті. Жеткіншектің біреуін вакциналау денсаулығына байланысты кейінгі қалдырылды.

Александр Поляков, Таманск бөбекжай-бақша-мектеп кешенінің директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Балаларға екпе егу науқаны басталмас бұрын ата-аналар қауымын жинадық. Медициналық қызметкерлер вакциналаудың қажеттілігін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл ретте интернетте тарайтын қауесетке сенетіндер де табылды. Оларға жеткіншектердің денсаулығын қорғау үшін препараттың қаншалықты маңызды екені жеткізілді. Бұл шаруаны әрмен қарай да жалғастыратын боламыз.

Бүгінде білім ошағының медбикесі мен 2 ұстазы – декреттік демалыста. Нәзік жандылар бала емізетін ана ретінде вакциналауға іліккен. Үшеуі де жақын арада иммундау науқанынан өтуге ниет білдіріпті. Жалпы, М.Жұмабаев ауданы бойынша аталған санатқа 230 келіншек кіреді.

Гүлбану Сағындықова, М.Жұмабаев аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы:

– Екпе қою үшін Таманск селосына арнайы жылжымалы бригада келді. Ақ халаттылардан құрылған топ вакциналау жұмысын әрбір ауылды жүргізетін болады. Pfizer компаниясының екпесі ауданға қарашаның 18-і жеткізілді. Содан бері иммундау шарасын жүргізудеміз. Екінші компонентін 21 күннен кейін қоямыз. Comirnaty-ді алған жандар – біздің бақылауымызда. Барлығының жағдайы жақсы.

Бүгінде М.Жұмабаев ауданы бойынша Comirnaty-мен 120 адам вакциналанды. Оның 95-і 12 жастан асқан жеткіншектер болса, қалғандары – бала емізетін аналар. Ал, жалпы иммундаудан өткендердің саны 13 мың 500-ден асады. Бұл екпе егуге болатын тұрғындардың 67 пайызын құрайды. Мамандардың сөзінше белсенділік қариялар арасында төмен екен. Қазір дәрігерлер егде жастағы адамдар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Эльмира Садвокасова