Денсаулық сақтау

Колледж студенттері вакциналануда

Вакцина алуға келген жасөспірімдер ең алдымен дәрігердің бақылауынан өтуде. Сұрақтардың барлығына жауап берген соң ғана ақ халатты жан екпе қою жөнінде рұқсат береді. Ұл-қыздарды иммундау шарасы ата-аналарының келісімімен жүргізіліп жатыр.

Әли Қамидуллинов, студент:

– Әке-шешем маған рұқсатын берді. Олар өздері де вакцина алды. Енді маған да кезек келді. Бүгін бірінші рет келіп отырмын. Екі жұмадан кейін екінші компонентін алатын боламыз.

Қоғамдық иммунитет қалыптастырған маңызды дейді жасөспірімдер. Ұл-қыздардың арасында ата-анасының айтуымен емес өздері рұқсат алып келгендер көп. Сөздерінше вакцина жалғыз адамның ғана емес, оның жақындарын да вирустан қорғауға септеседі.

Нұрсұлтан Қасымов, студент:

– Коронавируспен ауырғым келмейді. Себебі, жақындарымның арасында жұқтырғандар болды. Интернеттен де ауыр халде жатқан адамдарды көріп жан түршігеді. Біз студент болған соң көпшілік арасында жүреміз. Денсаулықты сақтау керек.

Жалпы, бүгін Петропавлдағы №3 қалалық емханаға Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінде білім алатын 20-ға жуық студент келіп, иммундау шарасының алғашқы кезеңінен өтті. Айта кеткен жөн, бүгінде облыс бойынша 18 жасқа дейінгі мыңнан аса жас жеткіншек “Comirnaty” вакцинасының бірінші дозасын қабылдады.

Бердимурат Баймухан