Мәдениет

Петропавлда суретшілер байқауы өтуде

Он саусағынан бал тамған жастардың жарысы! Шаһарда жас суретшілер арасында облыстық байқау өтіп жатыр.Тұғырлы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған конкурстың финалдық кезеңіне 7 адам жолдама алған. Олардың барлығы – петропавлдық. Қазір қылқалам шеберлері қаз-қатар тізіліп, еңселі егемендік тақырыбында сурет салуда. Тапсырма 2 сағаттың ішінде орындалуы тиіс. Қатысушылардың жұмысын арнайы құрылған қазылар алқасы бағаламақ. Үздіктер 5 критерий бойынша анықталады. Оза шапқандарды ақшалай жүлде күтіп тұр. Айта кетейік, жас таланттардың туындылары Тәуелсіздік күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтетін көрмеде жұртшылық назарына ұсынылатын болады.

Лидия Грабарь, «Жастар салауатты өмір салты үшін» ЖҚБ төрайымы:

Қарашаның 4-і мен 18-і аралығында іріктеу кезеңі өтті. Онлайн режимде ұйымдастырылған сайысқа 17 жас қатысып, өздерінің жұмыстарын жолдады. Қазылар алқасы суретшілердің арасынан 7 адамды іріктеп алды. Үздік үштік қарашаның 27-сі күні 100 мың, 70 және 50 мың теңгелік ақшалай сертификатпен, сыйлықпен марапатталады. Қалған қатысушыларды да назар тыс қалдырмаймыз. Оларға да арналған сыйлықтарымыз бар.

Байболат Култанов