ТЖ

Өңірде тұрмыстық газ баллонын пайдалану кезінде 9 өрт оқиғасы болған

Бұл жантүршігерлік оқиға көптің есінде. Қайғылы жағдай Петропавлда ақпан айында болды. 5 қабатты нысанның 1-ші қабатында орналасқан дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылып, артынша алапат өртке ұласты. Жарылыстың салдарынан 3 бірдей адам көз жұмып, 13 азамат түрлі дене жарақатын алды. Бір сөзбен айтқанда елді елең еткізген оқиғадан сабақ алу керек болса да газ баллондарының кесірінен туындайтын оқыс оқиғалар әлі тыйылмай тұр.

Сәкен Ағзамов, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Жыл басталғалы өңірде 9 оқыс оқиға газ құрылғыларын пайдалану кезінде орын алған. Оның ішінде 1 газ баллонының жарылуы тіркелді. Қайғылы жағдайлардың салдарынан 4 адам қаза тапты. 20 адам түрлі дене жарақатын алды.

Тұрмыстық газ баллонын көбінесе жеке секторда тұратын тұрғындар қолданады. Бірақ, қазіргі таңда көпқабатты үйлерде әлі күнге дейін баллон қолданып отырғандар жетерлік. Заң бойынша екі қабаттан жоғары үйлерде газ баллонын пайдалануға тыйым салынған.

Сәкен Ағзамов, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– “Горгаз-сервис” серіктестігінің мәліметіне сүйенсек, облыс орталығының аумағында орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесінен көппәтерлі 20 тұрғын үй ажыратылған. Бұл 700-ге жуық пәтерді құрайды. Сондай-ақ, түрлі себептерге байланысты тағы 4 жарым мың пәтер тұрғындары орталықтандырылған газсыз отыр. Яғни, бұл пәтерлерде тұрмыстық газ немесе электр құрылғылары пайдаланылуда. Ал бұл өрттің немесе жарылыстың орын алуына әкеп соқтыруы мүмкін.

Көбіне газ баллондарының жарылуына не себеп болып жатады? Мамандардың сөзінше, бұған тұрғын­дардың қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамауы себеп. Яғни, ескі және мерзімі өтіп кеткен баллондарды мүлдем пайдалануға болмайды. Бірақ, мұны бәрі бірдей түсіне бермейді. Cондай-ақ, газ баллонын толтырған кезде тек 85 пайызын ғана қамту қажет екен. Одан көп болса, қысымы артып, жарылып кетуі ықтимал.

Арман Басенов, ҚР ТЖМ ӨҚК СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Сондай-ақ, адамдардың көпшілігі тұрмыстық баллонды жақын маңдағы автогаз құю станциясында толтырады. Бірақ, бұл да қайғылы жағдайға әкеліп соқтыруы мүмкін. Жалпы, біздің өңірдебаллондарды толтыру бойынша заңды түрде 9 кәсіпкерлік субъектісі қызмет көрсетеді.

Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында жергілікті тұрғын үй инспекциясының өкілдері жылына 2 рет әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде тексеріс жүргізіп тұрады. Сондай-ақ, тұрғындармен тілдесіп, тұрмыстық газ баллондарының қаншалықты қауіпті екендігі түсіндіріледі.

Дана Ешкенова