Бизнес және экономика

Өмірдің екінші мүмкіндігін иеленген жандар

Шухрат Ахметовтың жұмыс күні таңғы 4-тен басталады. 6 сағаттың ішінде ол 25 келідей қамыр илеп, 80 бөлке нан мен дәл осынша тандыр пісіруі қажет. Азаматтың наубайханалық кәсіпті қолға алғанына жарты жылдай ғана уақыт болыпты. Десе де жергілікті тұрғындар арасында өнімге деген сұраныс жоғары. Іскер жан ас атасымен он шақты дүкенді қамтып отыр. Кәсіп ашып, нәсіп табуды Шухрат Ахметов жазасын өтеп жүрген кезде ойластырыпты. Бостандыққа шыққанда идеясын жүзеге асырған. «Бастау» жобасы аясында курстан өтіп, бизнес-жоспар құрып, мемлекеттен 583 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған.

Шухрат Ахметов:

– Қамыр араластыратын құрылғы мен духовка сатып алдым. Ақырын-ақырын үйреніп жатырмын. Мен өзім наубайханада істеген болатынмын. Интернеттен тандырды қалай пісіру керектігін қарадым. Өзіме ұнады. Осылайша үйрендім. Пешті де өзім салдым.

Өмірдің берген екінші мүмкіндігін сәтті пайдаланғандардың бірі – Майрамбай Смағұлов. Кезінде аяғын шалыс басқан азамат 8 жылға темір торға тоғытылыпты. Жазасының 3 жылға жуығын абақтыда өтеп, қалған мерзімі бас бостандығын шектеу режиміне ауыстырылған. Содан бері өмірі түбегейлі өзгерді. Бүгінде Майрамбай Смағұлов – фермер.

Майрамбай Смағұлов:

– 100 балапаннан бастадық. Биыл өзіміздің инкубаторымыз бар. Өзіміз шығарамыз ай сайын. Қазір 300 тауығымыз бар.

Тауықтардың күтімі қарапайым. Тәулігіне екі мәрте құрама жем мен су беріледі. Нәтижесінде 2 айдың ішінде қанаттылардың салмағы 3 келіден асады екен. Кейін сойылып, саудаға шығарылады. Өнімге деген сұраныс жоғары. Тауық етін әсіресе қант диабетіне шалдыққандар мен зейнеткерлер молынан алатын көрінеді. Тұрақты клиенттеріміз де бар дейді іскер азамат. Ендігі мақсат – кәсіпті одан әрі дамыту.

Майрамбай Смағұлов:

– Алдағы уақытта істі кеңейтуге тағы грант алғымыз келеді. Қосымша инкубатор алып, құстың басқа тұқымын шығаруды көздеп отырмыз.

Қысқасы – қалыпты өмірге оралуға ынта мен ниет болса, мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау да, қаржылай көмек те бар дейді кәсіп бастаған азаматтар.

Мұхамедияр Исин, М.Жұмабаев аудандық пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы:

– Ағымдағы жылдың басынан 105 сотталғанға 230 әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілді. Олардың ішінде төртеуі «Бастау» жобасы бойынша оқудан өтіп, мемлекеттен 200 АЕК көлемінде грант берілді. Бөлінген ақшаға олар өз кәсіптерін ашып, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде.

Атап айтар болсақ, азаматтардың біреуі мал шаруашылығын қолға алып, екіншісі жиһазды қайта қалыпқа келтірумен айналысуда.

Эльмира Садвокасова