Денсаулық сақтау

Әр емдеу мекемесінде пациенттерді қолдау қызметі бар

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

– Егер сізде тар бейінді маманға жазылу, кезекке тұру немесе дәрі-дәрмек алу жөнінде мәселе туындап жатса ондай сұрақтарды ешқайда жүгінбей, дәл емдеу мекемесінің ішінде шешуге болады. Мәселен, қалалық №1 емханасындағы тіркеу бөлімінің маңында мынадай сенім телефоны орнатылған. Оның көмегімен сіз осындағы пациенттерді қолдау қызметінің мамандарына тікелей қоңырау шалып, кез келген сауалыңызға жауап ала аласыз. Ол үшін тұтқаны көтеріп, «1» деген санды бассаңыз болды.

Орталықтағы мамандар көбінесе тұрғындарға консультациялық қызмет көрсетеді. Жоғарыда айтылған мәселелерді шешу үшін басқа да аурухана немесе емханаларға хабарласып пациентті қабылдау бойынша келіссөздер жүргізеді.

Лариса Телюк, №1 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Пациентті қолдау қызметінде бас дәрігердің орынбасары, емдеу жұмысы директорының орынбасары, бөлімше меңгерушілері, заңгер мен басқа да мамандар жұмыс істейді. Тұрғындар медициналық қызмет алуда қандай да бір кедергілерге тап болса немесе оның сапасының нашар екенін көрсе бірден бізге хабарласу қажет. Осылайша мәселені басшылықпен бірлесіп аз уақыттың ішінде шешуге болады.

Мамандардың сөзінше тұрғындардың басым бөлігі бірден өңірдегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтау қорының бөліміне қоңырау шалатын көрінеді. Сөздерінше аймақта филиал жалғыз болғандықтан ондағы қызметкерлер барлық сауалға уақытылы жауап беріп үлгере алмайды. Егер адам сұрақты өзі емделетін мекеме басшылығына жеткізсе, түйткіл тез арада біржақты етіледі. Жаңашылдықпен енді танысып жатқан петропавлдықтар да мұны құптайды.

– Мұндай қызмет туралы білемін. Өте ыңғайлы. Себебі, бас дәрігермен тікелей байланысқа шығып, базынамызды жеткізе аламыз.

– Пандемия болғандықтан дәрігерлер жетіспей жатыр. Сондықтан, ұзын-сонар кезек орын алады. Өңірімізге көп маман қажет.

Сондай-ақ, тұрғындар медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты арыз-шағым жөнінде 625-325 телефон нөміріне хабарласа алады.

Бердимурат Баймухан