Қылмыс

Үстіміздегі жылы облыста теміржол бойында 3 адам қаза тапты

Мына теміржол бойынан күніне өтетін адам нөпірі көп. Жұмысшы кентінің жұрты басқа амал жоқ дейді. Қаланы айналып жүрсең жұмысқа кешігесің, сол себепті, аялдамаға дейін қауіпті болса да төте жолмен түсуге тура келеді.

Александр Широпятов, қала тұрғыны:

– Шыны керек, жолды кесіп өту өзіміз үшін де ыңғайсыз. Бұл әрекеттің өте қауіпті екенін жақсы білеміз. Бұл жақта тұратындардың барлығы жұмыстарына 31-ші бағыттағы маршрутпен қатынайды. Аялдамаға жету үшін теміржолды кесіп өтуге мәжбүрбіз. Әйтпесе, жұмысқа жету үшін бүкіл қаланы айналып жүру керек. Осы тұстан бір өткел салу қажеттілігі туындап тұр.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға бұл істің қауіпті екенін ескертіп, бастарын қатерге тікпеуге шақырды.

Өкінішке қарай, өңірде теміржол бойларында орын алатын жазатайым оқиғалардың саны азаяр емес. Үстіміздегі жылы 4 бірдей факті тіркелген. Салдарынан 3 адам мерт болып, біреуі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген, қазір дәрігерлердің бақылауында. Былтыр да 4 адам поезд жолының құрбанына айналды.

Алтынай Қазиқан, тілші:

Теміржол бойында тіркелген оқыс оқиғалардың соңғысы тамыз айында Мамлют ауданында орын алды. Кешкі 5 кезінде 49 жастағы нәзікжанды жолды белгіленбеген жерде кесіп өтпекші болған. Өкінішке қарай, әйел адам ауруханада жан тапсырды.

Теміржол бойындағы оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында Петропавл станциясындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейткен. Мамандар вокзалға келген әр жолаушыға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынама қағаздарын таратып, бұл бағытта бірқатар профилактикалық шара өткізуде. Тағы айта кетерлігі, теміржол бойында төрт түлік те жиі жайылып жүретін көрінеді. Биыл мұндай 3 факті тіркеліпті. Иелерінің әрқайсысына шамамен 9 мың теңгеге жуық айыппұл салынған.

Ұлжан Жорақұлова, Петропавл станциясындағы ЖПБ аға инспекторы:

Теміржолдың белгіленбеген жерінде тұяқтылардың жүруі Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 559-бабы 5-бөлімі бойынша қарастырылады. Алдымен мал иелеріне ескерту жасаймыз. Егер малдың жайылуы тыйылмаса, 3 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындалады.

Жалпы, 10 ай ішінде теміржолды белгіленбеген жерде кесіп өткені үшін 1800 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Алтынай Казиканова