Қоғам

СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы 10 айды қорытындылады

Марат Омаров, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– 2021 жылдың өткен кезеңінде облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасында азаматтардан келіп түскен 896 жазбаша өтініш пен арыз қаралды.

Өтініштер мен арыздарды жіті қарай келе басқарма өкілдері 200-ден астам тексеріс жұмысын жүргізуге шешім қабылдаған. Ұйымдастырылған іс-шаралар кезінде 542 мәрте тиісті заңнаманы бұзушылық анықталыпты. Жартысынан астамы еңбек қатынастарына қатысты. Ережені елемегендерге қандай жазға тағайындалды?

Марат Омаров, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– Жұмыс берушілерге анықталған бұзушылықтарды жою туралы 144 ұйғарым берілді. 101 лауазымды және заңды тұлға жалпы сомасы 24,6 млн теңгеге айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бүгінде айыппұлдың 15 млн теңгеден астамы өндіріліп алыныпты. Жалақыны уақытылы төлеу мәселесі ешқашан маңыздылығын жоймайтын сияқты. Қазіргі қоғамда жұмысты істетуін істетіп, ақшаға келгенде сараңдық танытатын “Шық бермес Шығайбайлар” бар. Биыл басқарма осындай жауапсыздыққа жол берген 31 ұйымды тексеріпті. Нәтижесінде, бірқатар тұлғаның 1800-ден астам қызметкерге 235 млн теңге қарыз екені анықталған. Бүгінде берешек толығымен өтеліпті. Соңғы 10 айда өңірдегі өндіріс орындарында жазатайым оқиғалар да тіркелді.

Марат Омаров, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

– 2021 жылдың 10 айы ішінде өндірісте 28 жазатайым оқиға орын алып, 33 адам зардап шекті. Өкінішке қарай, 5 жұмысшы ажал құшты. Ал 16 қызметкер ауыр дәрежеде жарақат алды. Жазатайым оқиғалардың барлығы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тергелді.

Осы орайда күздің басында қоғамның қызу талқысына түскен жазатайым оқиғаға тоқтала кетейік. Қыркүйектің ортасында «Новатор-строй» серіктестігінде қызмет еткен Евгений Соловьёв орға құлап, ауруханада көз жұмған болатын. Арнайы тексеріс кезінде комиссия еңбек ережесі бұзылмағанын анықтапты. Алайда, қайтадан жүргізілген тексерісте жұмыс беруші кінәлі деп танылып, марқұмның жанұясына өтемақы төлеу туралы шешім шығарылған.

Байболат Култанов