Денсаулық сақтау

СҚ кәсіби педагогикалық колледжінде шеберлік сағаты өтті

Солтүстік Қазақстан кәсіби педагогикалық колледжінде бүгінде 1100-ден астам студент 13 мамандық бойынша білім алуда. Олардың білікті маман болып шығуына оқу ошағында барлық жағдай жасалған. Былтыр аталған колледж озық үлгідегі қондырғылармен жарақталды. «Жас маман» бағдарламасы аясында 230 млн теңге жұмсалып құрал-жабдықтар сатып алынған. Бұл дүниелер жастардың тәжірибелік жөнінен жетілуі үшін зор септігін тигізуде дейді колледжі директорының орынбасары Сергей Абраменко.

Сергей Абраменко, СҚ кәсіби педагогикалық колледжі директорының орынбасары:

– Заманауи дүниелердің мүмкіншілігі зор. Бүгінде осы құрал-жабдықтар бізге сұранысқа ие маман даярлауға мүмкіндік беруде. Студенттеріміз біліктіліктерін ешқайда бармай-ақ, оқу ошағында арттыра алады.

Мәселен, колледждің астыңғы қабатында кәдімгі гараж орналасқан. Мұнда көлік көтергіш, диагностикалық стендтер мен көлікті жөндеуге қажетті құрал-саймандардың барлығы бар. Студенттер осында цифрлық жүйемен жұмыс істейтін құрал-саймандардың қыр-сырын меңгере алады. Бүгін жастар мұндай озық үлгідегі жабдықтарды қалай қолдану қажеттігін өзге колледжде білім алып жатқан қатарластарына шеберлік сағатында көрсетті.

Дияс Серікбаев – автомеханик мамандығын меңгеруде. 2-ші курс студенті уақытының басым бөлігін осы гаражда өткізеді екен.

Дияс Серікбаев, СҚ кәсіби педагогикалық колледжінің студенті:

Сабақ барысында осы қондырғылармен жұмыс жасаймыз. Практикада алдымен автокөлікпен оның құрылымын танысып аламыз. Кейін арнайы құрал-саймандарды қолдана отырып жөндеу жұмыстарына кірісеміз.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан кәсіби педагогикалық колледжін жыл сайын 13 мамандық бойынша 300-ден түлек бітіріп шығады.

Дана Ешкенова