Денсаулық сақтау

Мамлют ауданына «Pfizer» вакцинасының 174 дозасы жеткізілген

Кезекті иммундау шарасының өзіндік талабы бар. Вакцина екінші компонентті 6 ай бұрын алған жандарға ғана салынады. Ал медициналық тексеріс шаралары – әдеттегідей. Қан қысымы мен температура өлшенеді, рұқсат қағазына қол қойылады. Екпені алғашқылардың бірі болып емдеу мекемесінің заңгер-консультанты Гүлмира Сабырова алды.

Гүлмира Садырова, Мамлют аудандық ауруханасының заңгер-консультанты:

– Дәрігерлер мен тұрғындар ақыл-кеңес алу үшін қабылдауыма жиі келеді. Коронавирустың симптомсыз түріне шалдыққан жағдайда науқастың дертті жұқтырғанын білмей де қалуы мүмкін. Сол себепті, қауіпті сейілту мақсатында вакцинаның қос құрамын да алдым. Ал қазір кезектісін салдырттым. Өзімді жақсы сезініп тұрмын.

Ал мына жақта 12 жастан асқан балалар мен бала емізетін әйелдерге «Pfizer» компаниясының вакцинасы салынуда. Зәуре Жекенбаева иммундау шарасынан өткелі жатқан ұлына қолдау көрсету үшін келіпті. Нәзікжанды дәрігерлермен тілдесіп, жаңа екпенің ерекшеліктерімен танысты.

Зәуре Жекенбаева, Краснозаменное ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

Мамлют ауданының Краснозаменное ауылынан келдік. Баламның жасы 12-де. Коронавирустан қорғану үшін, перзенттеріміздің денсаулығы үшін келіп отырмыз. Үлкен ұлым, жолдасым, өзім де алдым.

Әзірге, Мамлют ауданындағы жүкті әйелдерге вакцина салынбайды. Екпе алуға ниет білдерген болашақ аналардың барлығы тексерістен өтіп жатыр екен. Дәрігерлер барлығын жіті қараймыз, содан кейін қана рұқсат береміз дейді.

Карина Грауверг, Мамлют аудандық ауруханасының директоры:

– Мамлют ауданында «Pfizer» вакцинасын салу науқаны дүйсенбіде бастау алды. Алғашқы күні иммундау шарасынан өтуге бар-жоғы 6 адам келді. Бүгін олардың саны 9 есе көп. Әлі де келіп жатқандар бар. Мұндағы екпе егу қосыны таңғы 8-ден кешкі 9-ға дейін жұмыс істейді.

Дәрігерлер аудан орталығына келе алмайтын жандардың да жағдайын ойластырып қойған екен. Мұндай тұрғындар үйіне мобильдік бригаданы шақырта алады. Жалпы, Мамлют ауданына «Pfizer» препаратының 174 ампуласы әкелінген. Еске сала кететін жайт, оның әрбіреуінде 6 адамға жететін доза болады.

Маржан Касымбек