Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қос үйдің конкурсына қатысу үшін өтініш қабылдау басталды

Бірінші ғимарат күн сайын түрленіп келе жатқан Ш.Уәлиханов көшесінде орналасқан. Көпқабатты нысан 72 пәтерден тұрады. Баспаналар әрленген күйде тапсырылады. Яғни, бірден кіріп, қоныс тойын тойлап, тұра беруге болады. Әр шаршы метрінің бағасы – 160 мың теңге.

Арман Сүгіралин, “Отбасы банк” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– 1 бөлмелі 2 пәтер болады. Максималды көлемі – 38,98 ш.м. Бағасы – 6 236 800 теңге. 2 ­бөлмелі 34 пәтер болады. Максималды көлемі – 53,73 ш.м. Бағасы – 8 596 800 теңге.

Қалған 36 пәтер 3 бөлмелі болмақ. Ең үлкенінің аумағы 72 шаршы метрге жуықтайды. Ал бағасы шамамен 11 жарым млн теңгені құрайды. Келесі нысан Парфирьев көшесі, 60 мекен жайы бойынша салынып жатыр. Яғни, жолы болған салымшыларға «Жас өркеннен» су жаңа баспана бұйырады. Мұндағы 71 пәтер де әрленген күйде беріледі. Әр шаршы метрінің бағасы өзгеріссіз қалады – 160 мың теңге.

Арман Сүгіралин, “Отбасы банк” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

2 ­бөлмелі 38 пәтер болады. Максималды көлемі – 59,53 ш.м. Бағасы – 9 524 800 теңге. 3 бөлмелі 33 пәтер болады. Максималды көлемі – 71,74 ш.м. Бағасы – 11 478 400 теңге.

Өтінішті қабылдау кеше басталды. Жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған банк салымшысы жеке деректерін желтоқсанның 21-ші жұлдызына дейін жолдап үлгеруі тиіс. Себебі, 22-сі күні үміткерлердің ұпай сандары саналып, қорытынды шығарылады. Айта кетейік, өтінішті otbasybank.kz интернет ­ресурсында беруге болады.

Байболат Култанов