Қоғам

Петропавлда «Есіктің арғы жағында» көрмесі өтті

11 оқиға. 11 әйелдің тағдыры. Қабырғада ілініп тұрған қағаздарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған нәзікжандылардың анонимді әңгімесі жазылған. Көз жүгіртсек, отбасындағы адам төзгісіз қиындықтарды бастан өткерген қыз-келіншектердің өмірімен танысуға болады. Басым бөлігі ішімдікке салынған күйеулерінен қорлық көріпті. Жоба авторының сөзінше, ауыртпалықтарды әйелдер ешкімге тіс жарып айтпаған. Бәрі өзге біреу біліп қояды деп қорыққан көрінеді.

Кристина Масленникова, «Есіктің арғы жағында» жобасының авторы:

Бұл жобаны жоспар бойынша 1 ай ішінде жүзеге асырамыз деп ойлаған едік. Бірақ, 3 айға созылып кетті. Себебі, қыз-келіншектердің көбі бастан өткерген оқиғасымен бөлісуге келісе қоймады.

Жоба авторы Кристина Масленникованы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қатты алаңдатады. 19 жастағы қыз қиындыққа тап болған жандарға қолдау көрсеткісі келеді екен. Сол үшін 3 күндік көрме ұйымдастырыпты. Негізгі мақсаты – өзекті мәселені көпшілік арасында көтеру. Көрменің алғашқы күні психолог маман келіп, қатысушылармен әңгіме жүргізіпті.

Елена Колзун, психолог:

Менің қабылдауыма көбіне зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер келеді. Оларға мұндай жағдайда не істеу қажеттігін айтамын. Ақыл-кеңесіммен бөлісемін. Кей нәзікжандылар 30 жыл зорлық көріп келсе де оқиғасымен бөліспейді. Соның салдары кейін өмірде көрініс табады.

Іс-шараға екінші күні адвокад қатысты. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған қыз-келіншектерге не істеу керектігін айтты. Бұдан кейін күйеуінен көп жылдар бойы қысым көрген тұрғын келіп, өз өмірімен бөліскен. Соңында қатысушыларға отандық «Әйел» фильмі көрсетілді.

Самал Жүнісова