Ауа райы

Өңірге қалың қар түсті

Солтүстікқазақстандықтардың қалың қарға еті әбден үйренген. Сондықтан, бүгінгі жауын-шашын мөлшері түк емес. Десе де ақ ұлпаның қала көшелері мен жаяу жүргіншілер жолындағы қозғалысты біршама қиындатқаны рас.

Коммуналдық қызметтер қарап қалған жоқ. Іске бірден кірісіп, шаруаны біржақты етті. Жалпы, биылғы қыста көшелер мен тротуарларды ақ ұлпадан тазалап, тайғанақ аумақтарға құм-тұз қоспасын төсеуге 12 кәсіпорын жауапты. Мекемелер қауырт маусымға 130 бірлік техникасын әзірлеген. Дәл қазір олардың жартысына жуығы жұмысқа тартылған. Жауған қардың көлемі артқан сайын көшелерге шығатын коммуналдық қызметтердің де саны көбеймек.

Роман Гиричев, «Қазгидромет» РМК СҚОФ инженері:

– Қазір Солтүстік Қазақстан облысы Ресейдің еуропалық аумағынан келген жылы солтүстік циклонының ортасында тұр. Бұл жауын-шашын мөлшерінің артып, ауа температурасының жоғарылауына әсер етті. Алдағы күндері де қар жауады деп күтілуде. Облыстың кей аудандарында бұрқасын мен көктайғақ болуы ықтимал.

Қарашаның соңғы онкүндігінде де ауа райы мың құбылады. Алдымен ауа температурасы түнде -20-25, күндіз -8-13 градусқа дейін төмендейді. Кейін тіпті +3-ке дейін жоғарыламақ. Ал айдың соңында қыс қайта қаһарына мінеді.

Эльмира Садвокасова