Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір жетекшісі тұрғындарды онлайн қабылдау өткізді

Мақпал Тоқтанаева Мамлют ауданының Меңгесер ауылына 2 жыл бұрын Шымкент қаласынан көшіп келген. Елді мекендегі тұрмыстары ұнамаған соң, Покровкаға қоныс аударыпты. Онда Тоқтанаевтарға жаңадан салынған үй берілген. Дегенмен, баспананың жағдайы көңіл қуантпайды.

Мақпал Тоқтанаева, Мамлют ауданының тұрғыны:

– Берілген уәделері орындалған жоқ. Үйдің ремонты әлі бітпеді. Есік терезелері ауыстырылған жоқ. Жергілікті әкімшілік тарапынан қысым көрсетілуде.

Серік Бакеев, Мамлют ауданы әкімінің орынбасары:

– Үйдің аз-маз кемшілігі бар дегеннен кейін оларға веранда, қора салынып берді және үйдің маңайы қоршалды. Фундаменті салқын деген соң, қаптап бердік. Үйдің ішіне ремонт керек деген соң, водоэмульсионка, краска берілді. Жаңадан есік әкелінді. Жолдасым салып беретін жағдай бар дегесін, орнатқан жоқпыз. Осылай сол есік 3-4 ай жатып қалды.

Тоқтанаевтар жанұясы өз кәсіптерін ашқысы келеді. Осы мақсатта ерлі-зайыптылардың әрқайсысы жұмыспен қамту орталығынан 500 мың теңгеден астам грантқа ие болған. Қаржылай көмекке Мақпал мен жолдасы жылыжай ашпақшы. Мұнда да суға қатысты қиындық туындап отыр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мен комиссияны жіберейін, бүкіл істелген жұмыстарды тексерсін. Сіз айтқан мәселелерді тексереді. Үйді қалпына келтіру бойынша жұмыстар қаншалықты орындалғанын көреді.

Ал Анвар Алдашев өңір жетекшісіне «Әкімдер.кз» жобасын ұсынды. Оның туындысы әкімдіктегілердің жұмысын бақылап, баға беруге негізделген. Электронды қосымша барлық тұрғындар үшін қолжетімді болмақ.

Анвар Алдашев, «Akimy.Kz» жобасының құрастырушысы:

– Бұл бағытта 3 жыл тәжірибеміз бар. Осыған дейін Алматы облысындағы аудандардың бірінде осындай бақылау жүргізуге септестік. Өткен жылы жобаға 5 аудан қатысты. Биыл түгел Алматы облысын қамтыдық.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан Облысының әкімі:

– Егер жобаңыз ортақ іске пайдасын әкелсе, әрине, бастамаңызды қолдаймыз. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асырып, бюджеттік қаражатты нәтижелі жұмсау маңызды.

Аймақ басшысының қабылдауына Айыртау ауданындағы бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары да өз проблемаларын айтып жүгінді. Сөздерінше, жылыту жүйесінде ақау бар. Салдарынан үйдің іші суық, балалар жиі ауырады дейді. Жылу аз берілсе де ай сайынғы коммуналдық қызмет үшін төлемнің мөлшері кемімейді екен.

Любовь Шнель, Айыртау ауданының тұрғыны:

– Өткен жылы баламның суықтан ұстамасы ұстап қалды. Дәрігерлер дерттің суықтан екенін дәлелдеді.

Аудандық әкімдіктегілер қазандықтың істен шыққанын растап отыр. Тағы сатып алынған көмірдің де сапасы нашар. Мәселе туралы аудан басшылығы хабардар. Десе де, бірнеше жыл қатарынан шешілмей келеді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұндай мәселелерді шешу – аудан басшыларының міндеті. Жылыту жүйесінде ақаулар орын алса, қазандықтардың қуаттылығын арттыру үшін қаражат бөлеміз. Баспаналардың іші жылы болуы керек.

Құмар Ақсақалов тиісті мамандарға ауданының тұрғындарын толғандырған мәселелерді біржақты етуді тапсырды.

Алтынай Казиканова