Балалар

Қазақстанда волонтер-студенттерге ақшалай сыйақы беріледі

Адам болып мұқтаж жанға көмек қолын созбасаң, сыннан сытылып кете алмайсың, дегеніңе жете алмайсың. Бұл Қозыбаев университетінің 2-ші курс студенті Олжас Темірбековтің өмірлік ұстанымы. 18 жастағы жігіт – жақынына жәрдемдесуден, жатқа болысудан жалықпайтын волонтер.

Олжас Темірбеков, Қозыбаев университетінің студенті:

– Мамлют қаласында тұрамын. Волонтерлікті сол жерде бастадым. Қазір екі жерде де көмек көрсетіп жүрмін. Карантин уақытында жалғызбасты қарт адамдарға жәрдемдестік. Үйіне су тасып, есік алдын жинауға көмектестік.

Олжас – әрекетіне ақша сұрамай, харекет қылатын жандардардың бірі. Қоғам мүшесі ретінде көпке көмек қолын созуды ер жігіт ретінде міндеті санайды.

Олжас Темірбеков, Қозыбаев университетінің студенті:

Жалғызбасты анаға көмектестік. Оның 2 баласы болды. Біз өзіміз ақша жинап, оған азық-түлік алып бердік.

Қазір әрбір сегізінші қазақстандық Олжас сияқты волонтер деген аттаққа ие. Енді бұдан былай еріктілікпен айналысатын студенттерге ақшалай сыйақы беріліп, академиялық кредиттер есепке алынады.

Асқар Ибраимов, ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ төрағасы:

Министрлік жастардың бастамаларына ерекше ден қойып, оларды қолдайды. Мәселен, енді 20 сағаттық волонтерлік қызмет үшін студенттерге ваучер түрінде кредит беріледі. Бұл студент оқу орнында екі академиялық кредитті есепке алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, студент 20 000 теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем алады. Егер студент 50 сағат жұмыс істесе, оған бес академиялық кредит есептеліп, 50 000 теңге төленеді.

Бұл шешім әлеуметтік маңызды қызметпен айналысатын белсенді студенттердің санын көбейту мақсатында қабылданып отыр. Айта кетейік, волонтер студенттерге арналған төлемдер репетиторлық қызметі мен ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істегені үшін төленеді. Сондай-ақ, аулалық және спорттық клуб ұйымдастырып, балалар, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандармен жүргізілген әлеуметтік жұмыс, қоршаған ортаны қорғау және өзге де қызметтерге қарастырылған.

Маржан Касымбек