Денсаулық сақтау

Қала мектептерінде коронавирусқа қарсы екпе егілуде

Екпе кабинетіне кірмес бұрын оқушылар дәрігердің қарауынан өтеді. Яғни, баланың жеке деректері нақтыланады, дене қызуы, қан қысымы тексеріледі. Бұдан кейін ақ халатты маман жасөспірімнің ата-анасына хабарласып, баласына шынымен де вакцина алуға рұқсат берген-бермегенін анықтайды. Келісім тағы бір расталған соң шәкіртке арнайы препарат қойылады.

Айқын Малғаждардың ата-анасы екпе жөнінде әуелде өзара талқылап, салдыру жайында ортақ шешімге келген. Өйткені, бауыр еті баласының иммунитетінің коронавирустың алдында мықты болғанын қалайды.

Айқын Малғаждар, Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Мен өз ата-анаммен келісіп, вакцина алуды шештім. Екпе алу қорқынышты емес. Бұл менің өзімнің иммунитетім үшін қажет. Біз жанұямызбен бірге коронавируспен ауырып, емделіп шықтық. Сол себепті де екпе алуды шештік.

Балалардың бір бөлігі дәрігердің қарауынан өтіп жатса, келесілері екпе кабинетіне кіріп, вакцина алуда. Солардың бірі – 8-ші сынып оқушысы Айзада Баймат.

Айзада Баймат, Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

Мен жаңа ғана вакцина алдым. Қазір қолым ауырып тұр. Менің отбасымда барлығы иммундау шарасынан толық өтті. Ешкім коронавируспен ауырған жоқ, ауырмайды да деп ойлаймын. Себебі, бәріміз вакциналанғанбыз.

АҚШ-тың “Pfizer” компаниясы шығарған “Comirnaty” екпесін Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясында еңбек ететін жас аналар да қойғызуда. Химия пәнінің мұғалімі Айгүл Сапарғалиева кішкентай ұлым мен айналасындағы жандарға қауіп төндірмес үшін иммундау шарасына қатысуға бел буыпты.

Айгүл Сапарғалиева, Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі:

Жаңа ғана “Pfizer” екпесін алып шықтым. Өзімді жақсы сезініп тұрмын, еш жерім ауырып тұрған жоқ. Жаман індеттен құтылу үшін барлық адам иммундау шарасынан өту қажет деп ойлаймын. Өзім – жас анамын. 2 жасар балапаным бар.

Бүгін Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясында 9 оқушы мен 3 ұстазға АҚШ вакцинасы салынды.

Бұлбұл Ахмадиқызы, Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының директоры:

Бүгін 1-ші күн екпе жұмыстарын бастап кеттік. Қазіргі таңда Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясында мыңнан астам оқушы бар. Олардың 400-ден астамы – 12 жастан асқан ұл-қыздар.

Вакцина алушыларға “Comirnaty” екпесін №3 емхананың мамандары келіп қойды. Ақ халаттылар аталған мектеп-гимназиясына ниет танытқандарға екпе егу үшін күн сайын келіп тұрмақ.

Дана Ешкенова