Қылмыс

18 жастағы петропавлдық алаяқ студенттерге несие рәсімдеткізген

Үйде отырып алып, жеңіл жолмен пайда тапқысы келген. Күдікті тамыз айынан бері арнайы сценарий құрастырып, адамдарды алдай бастапты. Ол: «Интернет арқылы қалаған ұялы телефоныңызды несиеге рәсімдесеңіз, тұрмыстық техникаға тегін қол жеткізе аласыз»,- деген немесе смартфонды сатып, сізге ақшасын жолдаймын деп қала тұрғындарының сеніміне кірген. Мұндай акцияның барына иланған жандар 200 бен 500 мың теңге аралығында қымбат телефондарды рәсімдепті. Тіпті, арасында айфон 13-ке де тапсырыс бергендер бар. Соңында, телефон да, ақша да жоқ. Бірақ, әр клиенттің басында несиеден бар.

Жеңісгүл Бейсембина, қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:


– Барлық арызданушылар – оқу орындарының студенттері. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі бойынша көзделген құқық бұзушылық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалып, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу санкциясы қарастырылуда. Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.

Адамды алдап ақша тапқысы келген жігіт еш жерде оқымайды әрі жұмыс істемейді. Осындай әрекетімен 20-ға жуық студентке шамамен 4 млн теңгенің көлемінде несие рәсімдеткізген. Алаяқтың қитұрқы әрекеті облыста жүргізілген «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында әшкере болды. Осы ретте полиция қызметкерлері тұрғындарға интернет арқылы қаржы операцияларын іске асыруда барынша сақ болу қажеттігін ескертеді.

Алтынай Казиканова