Балалар

Тұңғыш Президент күніне орай экскурсия ұйымдастырылды

Таңғы 9-да петропавлдық жастар облыстық тарихи-өлкетану музейіне жиналды. Мұражай қызметкері қыз-жігіттерге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызмет жолын қалай бастағанын егжей-тегжейлі баяндауда. Тұңғыш Президенттің ақыл-парасаты мен көшбасшылық қасиеттері музейге қойылған сурет, құжаттар мен экспонаттардан айқын білінеді. Бұлардың барлығымен кәсіби-педагогикалық колледжінің студенті Бақыт Сейілбекова мұқият танысып шықты. Бойжеткен көрнекті саясаткердің кемеңгерлігі мен даналығын үлгі тұтатынын айтады.

Бақыт Сейілбекова, Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің студенті:

Елбасының саясаты туралы музейде көріп-естігендерім мен үшін келешекке өмірлік сабақ болып қалары сөзсіз. Өйткені, экскурсиядан көшбасшылық қасиетті қалай дамыту керектігін, ешқашан бір орында тұрмай, ізденіп, даму қажет екенін ұғындым.

«Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде де жастар тарихқа саяхат жасағандай болды. Мәдениет ошағында 18-ғасырда жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған хандар мен батырлар туралы баяндалды.

Айта кетейік, құнды жәдігерлерге толы музейдің бой көтеруіне Нұрсұлтан Әбішұлының тигізген септігі зор. Тарихпен сусындаған соң студенттер ғылым-білімнің ордасы Назарбаев Зияткерлік мектебіне де бас сұқты. Шәкірттер келушілерді нысанның қызықты деген тұстарымен таныстырып, өздеріне жасалып жатқан жағдайды тілге тиек етті. Талантты, зерек ұл-қыздардың жетістіктерін тамашалаған қыз-жігіттер ботаникалық саябаққа соқты. Өсімдіктердің сан алуан түрі жиналған мекен жастарға ерекше ұнапты.

Дмитрий Пытьев, Петропавл теміржол көлігі колледжінің студенті:

Менің ойымша, мұндай экскурсиялардың бізге, яғни жастарға берер пайдасы мол. Елбасымыз жүріп өткен жолмен, дара тұлға аралаған мекемелермен жақынырақ таныстық.

Елбасымыздың көреген саясатының арқасында Қазақстан тәуелсіз ел атанып, 30 жыл ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Облыс әкімінің орынбары Ғани Нығыметов пен белсенді жастар Достық үйінде Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтжандылығы, саяси күш-жігері жайлы әңгіме-дүкен құрды.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

Тәуелсіздікті біз Елбасымен байланыстырамыз. Бейбіт өмір сүріп жатқанымыз – Елбасының арқасы. Кемеңгер тұлғаның дұрыс шешім қабылдап, халықты біріктіруінің арқасында осындай белеске жеттік. Тәуелсіздік – жастардың қолында.

Мұндай жиындар келешекте де жалғасын таппақ.

Алтынай Казиканова