Қоғам

СҚО-да өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштарының саны артпақ

Пандемия бірқатар мекеменің жұмысына өзгеріс енгізді. Осы ретте Халыққа қызмет көрсету орталығында да біраз жаңашылдықтар орын алуда. Мұнда қызметтің 700-ге жуығы көрсетілсе, оның 80 пайызы үкімет порталында қолжетімді. Сондай-ақ, тұрғындар өздеріне қажетті құжаттарды, тек e-gov-тан ғана емес, Telegram, Вконтакте және Facebook арқылы да ала алады.

Ермек Жакин, «Азаматтарға арналған үкiмет» МК» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бас менеджері:

– Telegram, Вконтакте және Facebook-ты тұрғындар жиі қолданады. Сондықтан, жақында дәл осы желілерде үкімет порталының тағы бір нұсқасын құру туралы шешім қабылданды. Онда тұрғындар электронды форматта 20-дан астам құжат ала алады. Тұлғаға қатысты мәліметтер 10-15 минуттың ішінде беріледі.

Әлеуметтік желілердегі автоматтандырылған мемлекеттік қызметтерді күніне жүздеген адам қолданады екен. Ал “e-gov” үкіметтік порталын 5 млн қазақстандық ұялы телефонына жүктеп алыпты. Алдағы уақытта мамандар өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштарының да санын көбейтуді жоспарлап отыр.

Азамат Байтеміров, облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы:

– Аудан орталығынан алыс орналасқан ауылдарда «Connection Point» деп аталатын өз-өзіне қызмет көрсету орталықтары құрылады. Арнайы бұрышта компьютер, видеокамера мен сканер болады.

Мамандардың айтуынша бүгінде облыс бойынша 600 жерге өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы орнатылған. Заман игілігін аудан орталығынан шалғайдағы елді мекендерге де жеткізу көзделіп отыр.

Маржан Касымбек