МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі кәсіпкерлермен кездесті

Кәсіпкер Евгений Золотарёв осыдан 6 жыл бұрын Петропавлдан М.Жұмабаев ауданына қарасты Медвежка ауылына қоныс аударыпты. Көшкенде қалтасында бар-жоғы 80 мың теңге ғана болған екен. Іскер жан жаңа мекенге орнығып, аяққа нық тұру үшін мал шаруашылығымен де, саудамен де айналысқан. Бір күні халық арасында қырыққабаттың зор сұранысқа ие екенін байқапты.

Евгений Золотарёв, «Золотарёв Е.В.» ЖК директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Сұраныстың жоғары екендігін байқап, аудан әкімдігіне бардым. Сол жерде бағбаншылықпен айналысу үшін 4 га жер беру туралы өтініш жаздым. Жер берілді. 2017 жылы 5 сотық аумаққа 3 мыңға жуық қырыққабат тұқымын отырғыздым. Өнімді өзім қарапайым суару құралымен суардым.

Азамат уақыт өте келе тамшылатып суару жүйесіне көшкен, егіс алқаптарының аумағын кеңейткен. Биыл 40 тонна қияр, 15 тонна қызанақ және 170 тонна қырыққабат жинапты. Соңғысын солтүстікқазақстандықтар арзанға сатып алу үшін бағаны тұрақтандыру қорына өткізуде. Ендігі жоспар – жыл оны екі ай өнім беретін жылыжай салу. Ол үшін мемлекеттен қаржылай қолдау қажет. Мұндай көмектің бір түрін бизнесмен өз кәсібін бастар алдын пайдаланған болатын. Евгений – “Бастау Бизнес” жобасының түлегі. Аталған бастама аясында соңғы 5 жылда 8 мың жерлесіміз оқудан өткенін айта кетейік.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Биыл “Еңбек” бағдарламасы бойынша жалпы құны 2,9 млрд теңге болатын несиеге 567 өтініш мақұлданды. Бүгінде 790 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат өздерінің алғашқы жобаларын ашуда. Біз арнайы есептеу жүргіздік. Сол кезде несие мен грант алушылардың 81% ауыл тұрғындары екендігіне көзіміз жетті.

Жергілікті өндірушілердің көбейгені аймақтың экономикасына да, тұрғындарына да тиімді. Осы орайда “MATEX” шұлық фабрикасын мысалға алайық. Кәсіпорын өңір халқын сапалы әрі қолжетімді бағадағы тауармен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде компания тәулігіне 6 мың данаға жуық өнім шығарады. Бұл – шұлықтар, бас киімдер, шарфтар және балалардың шұлықтары. Фабрика басшылығы биыл өндірісті кеңейтуді қолға алыпты. Ол үшін “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы арқылы 6 пайыздық мөлшерлемемен несие рәсімдеген.

Марина Владимирова, «MATEX» ЖШС құрылтайшысы:

– Алдағы уақытта қосымша 30 жұмыс орны құрылады. Өнімнің жылдық көлемі 3 млн данаға дейін артады. Бізді алаңдататын мәселе бар. Қазіргі таңда кадр тапшылығын сезініп жатырмыз. Фабрикамызға тәжірибелі тігіншілер мен жабдық реттеушілер жетіспейді.

Бұл проблема өзге де кәсіпкерлерді алаңдатып отыр. Мәселені шешу үшін облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек әр салада қауымдастық құруды ұсынды. Мұндай жаңашылдық орын алса, компаниялар бірігеді, жұмысшылардың біліктілігін арттыратын және жаңа мамандарды оқытатын орталықтар да құра алады. Бұны мемлекет қаржыландырады. Үкімет белгілі бір аймақ үшін қажетті өндіріс орындарын салатын және қызмет ұсынатын жандарды да субсидиялайды. Вера Аладинская осындай жолмен медициналық орталық ашқан. Израиль мен АҚШ-та тағылымдамадан өткен нәзікжанды шетелдік тәжірибені өңірімізге әкелуді шешіпті.

Вера Аладинская, «New Live Diagnostic» медициналық орталығының директоры:

– Шетелдік құрылғылар өте қымбат. Сондықтан, үлкен көлемде ақша керек болды. Мемлекеттік қолдауға қол жеткізу мүмкін емес деген пікірге қарамастан, біз тырысып көрдік. Істің барлығы ашық әрі автоматтандырылған жүйеде тындырылды. Арнайы әзірленген бизнес-жоспарымыз талқылаудан сәтті өтіп, 6 пайыздық мөлшерлемемен несие берілді. Ұсынылған қаржыға 2 аппарат алдық.

Жыл басынан бері медициналық орталықта болашақ аналар мен сәбилерге 14 мың зерттеу жүргізіліпті. Жалпы, мемлекеттік қолдау аясында өңірдің 2800 кәсіпкері қаржылай көмек алған.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– 2016 жылдан бастап біздің облыста кәсіпкерлердің саны 2,7 мыңға артты. Ал соңғы 5 жылдың ішінде шағын және орта бизнес өкілдері шығарған өнім көлемі 2 есеге ұлғайды.

Өткен жылы бизнес өкілдері өңір қазынасына 60 млрд теңге салық аударған. Жиында кәсіпкерлер өтініштерін де ортаға салды. Олар жұмыс уақытының ұзартылғанын қалайды. Бірақ, бұған әлі рұқсат берілмейді. Санитарлық дәрігерлер статистиканы тілге тиек етіп, жағдайдың мәз еместігін түсіндірді.

Байболат Култанов