МТРА жаңалықтары

Инвестициялық жобаларға онлайн баспасөз туры өтті

10 айдың ішінде өңірге құйылған инвестиция бақандай 280 млрд теңгені құрайды. Жыл соңына дейін жүзеге асырылатын жобалардың есебінен көрсеткіш 340 млрд-қа дейін ұлғаймақ. Қомақты қаражат тарту бойынша аграрлы сала – алда. Ауыл шаруашылығы секторына қарашаға дейін 132 млрд теңге бағытталған.

Марат Тасмағанбетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Биыл жалпы сомасы 48 млрд теңгені құрайтын 34 жоба іске асырылуда. 9 мың бас ірі қараға шақталған 16 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізіліп, 13 мың мал басына арналған бордақылау алаңы салынып жатыр. 2 құс фабрикасы, асыл тұқымды қой өсіретін 3 кәсіпорын тұрғызылуда.

Айта кету қажет, өңірде құс фабрикасы соңғы рет 2006 жылы іске қосылған. Жаңа кәсіпорындардың ашылуымен солтүстікқазақстандық нарық жылына 6 мың тонна тауық етімен қамтылатын болады. Аққайыңдар өлкесінде қолға алынатын тың жобалар аз емес. Соның бірі – тұқым зауыты. Өндіріс ошағы жұмысын бастағаннан кейін, алтын дәннің сапасы артып, жиналатын астықтың өнімділігі жоғарыламақ. Жобаны Есіл ауданындағы «Атамекен-Агро-Корнеевка» серіктестігі жүзеге асыруда.

Марат Тасмағанбетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Жоғарыда аталған жобалар толығымен жүзеге асырылысымен 900 жұмыс орны ашылады. Сүт өндірісі – 45 мың, еттікі 15 мың тоннаға артады. Импорт ауқымы азайып, керісінше сыртқы нарыққа шығарылатын тауар көлемі көбеймек. Айта кету қажет, бүгінде әлеуметтік маңызы жоғары 19 азық-түлік түрінің 15-і солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерге тиесілі.

Дүкен сөрелері теріскейде жыл он екі ай өсірілетін қияр, қызанақпен де толтырылмақ. «Зеленый север» серіктестігі қазір жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуде. Импорттың бір бөлігін алмастырып, бағаны төмендетуге септесетін жоба қатары артуда. Өңірдегі тұралап қалған нысанның біреуі қазір қалыпқа келтіріліп жатыр. Мұнда да жылыжай ашу көзделген.

Дәурен Жандарбек, СҚО әкімінің орынбасары:

– Жоба корей технологиясы негізінде жүзеге асырылады. Бағытталған қаражат көлемі – 3,4 млрд теңге. Қазір инвестор ғимаратты қалыпқа келтірілуде. Жыл соңына дейін шатырын ауыстырып, сэндвич-панельдерді орнату бойынша жұмыс аяқталмақ. Бастапқы уақытта 40 адам екі қолға бір күрекпен қамтылмақ. 12 ай ішінде жылыжайда 2200 тонна өнім өсіріледі деп жоспарланған.

Ағымдағы жылдың қаңтарында Солтүстік фанер комбинаты іске қосылды. Бүгінде өндіріс ошағының жұмысы бір жолға қойылған. Енді түрік инвесторы жиһаз жасау саласына қажет ағаш-жоңқалы плита шығармақ. 2022-де кәсіпорынды іске қосып, 4 млрд теңге бағыттауды көздеп отыр. «Радуга» серіктестігінің де жоспарлары қуантпай қоймайды. Жылыжай кешені мен Қағаз фабрикасынан бөлек, компания тағы бір тың жобаны бастамақ.

Дәурен Жандарбек, СҚО әкімінің орынбасары:

– Компания алюминий өнімдерін әзірлеу бойынша жобаны қолға алып отыр. Шикізат ретінде қатты тұрмыстық қалдықтар пайдаланылмақ. Инвестор іске 1 млрд теңге құймақ ниетте. Жаңа 75 жұмыс орны ашылады.

Арнайы экономикалық аймақ аясы да кеңеюде. Жобаға Claas, көпбейінді аурухана, электртехникалық зауыттан бөлек тағы бірнеше инвестор кірмек ниетте. Фармацевтикалық зауыт пен қағаз фабрикасы да Қызылжардың аумағында жүзеге асырылады. Соңғысы Қытайдың J.S Machine компаниясының қолдауымен іске қосылмақ. Ал, Босния және Герцеговина елінің инвесторы теріскейде жиһаз шығаратын өндіріс ошағын ашуды жоспарлап отыр. Мұның барлығы өңірде 800 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Өлкенің әлеуметтік саласы да назардан тыс қалып жатқан жоқ.

Сәтжан Аблалиев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Жыл сайын облысты дамытудың кешенді жоспары аясында өңірде 2025 жылға дейін жалпы аумағы 2,3 млн шаршы метр баспананы қолданысқа тапсыру жоспарланған. Жыл сайын бұл мақсатқа 12 млрд теңге бағытталмақ. Бүгінде аймақта 53 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 680 пәтер жалға беруге арналған.

“Жаңа қала” реновациялық жобасы аясында 2017 жылдан бері қалада 1700-ге жуық еңкіш тартқан жер үй сүрілді. Нәтижесінде 4800 адам жайлы пәтерлерге көшті. Желтоқсанның соңына дейін тағы 237 нысанды бұзу жоспарланған. Босатылған учаскелердің барлығы көпқабатты баспаналар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды тұрғызуда пайдаланылады.

Эльмира Садвокасова