Денсаулық сақтау

Балаларға екпе егу науқаны №3 қалалық емханада да жүргізіліп жатыр

Екпе салдыру процесі әдеттегідей. Яғни, мұнда келген жан ең алдымен рұқсат қағазын толтырады. Артынша дәрігерлер тұрғынның денсаулығын, иммундау шарасына дайындығын жіті тексереді. Бәрі ойдағыдай болса, вакцина егіледі.

Нұрайым Қапарова, қала тұрғыны:

Жүктілігім 7,5-8 ай. Вакцинаны өзім және ішімдегі балам үшін алдым. Ертеңгі күні ауырып қалмас үшін осындай шешімге келдім.

Екпе алып болған соң тұрғынның хал-жағдайы 30 минут бойы қадағаланады. Кері әсер байқалмаса, үйіне жіберіледі. Иммундау шарасынан өтуге келгендердің қатарында мектеп оқушылары да бар. 12 жастан асқан балаларға екпе ата-анасының қатысуымен салынады.

Алена Стадник, қала тұрғыны
:

Қызым Валерия «Дарын» мектеп-лицейінің 11-ші сыныбында оқиды. Сабақтан тыс уақытта балалармен сауда үйіне, кинотеатрға барады. Оның денсаулығы үшін алаңдаймын. Бала кезінен барлық екпелерді салдырып жүрміз. Қауіпті инфекциялардан сақтануға көмектеседі. Сол себепті, короновирустан да қорғану үшін вакцина алып жатырмыз.

Алғашқылардың бірі болып “Pfizer” екпесін алған жасөспірімдердің бірі – Ксения Бугрова. №9 мектептің 10-сынып оқушысы маңызды қадамға ата-анасымен ақылдаса отырып барған.

Ксения Бугрова, №9 орта мектебінің оқушысы:

Алғашқылардың бірі болу әрине оңай емес. Қобалжыдым. Алайда, өзімнің денсаулығым үшін қажет екенін жақсы түсінемін. Екпе алғаннан кейін өзімді жақсы сезінемін.

“Pfizer” компаниясы әзірлеген екпе 2 компонеттен тұрады. Оның бір ампуласы 6 адамға арналған.

Гүлнәр Қалиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

Қазіргі таңда амбулаторлық емдеуде 163 бала жатыр. Жағдайлары орташа деп айтуға болады. Пандемия басталғалы бері 2410 бала ауырып шықты.

“Вакцинация – қалыпты өмірге оралудың бірден бір жолы” дейді мамандар.

Маржан Касымбек