ТКШ

СҚО-да 950-ден астам көпқабатты үйде мүлік иелері бірлестігі құрылды

4-ші линия көшесі, 16 мекен-жайында орналасқан мына бес қабатты үйге Валентина Новиженная жауапты. 14 подъезден тұратын баспанада 209 пәтер бар. Үйдің үлкені болып саналатын Валентина Андреевна қазан айында пәтер иелерінің басын қосып, жиналыс өткізген. Жиын барысында тұрғындарға тұрып жатқан нысанды басқарудың жаңа формасы жайлы жіті түсіндіріп беріпті. Азаматтар өз кезегінде мүлік иелері бірлестігінің құрылуын қолдап, жаңа ұйымның төрайымы ретінде Валентина Новиженнаяны сайлаған.

Валентина Новиженная, «5-я линия, 4» МИБ төрайымы:

Жаңа жүйеге көшпес бұрын тұрғындармен бірге үйді басынан-аяғына дейін шолып шықтық. Нені жөндеу керек, оған қанша қаражат жұмсалады дегендей. Осыған сүйене отырып ортақ тарифті белгіледік. Енді пәтер иелері әр шаршы метр үшін 45 теңгеден төлейді. Қазір үйдің кәріздік құбырларын ауыстырып жатырмыз. Жазға қарай шатырды жөндейміз.

“Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот”. Бұл – көппәтерлі үйді басқарудың жаңа қағидасы. Енді тұрғындар жөндеу жұмыстарына өздері де қатысып, жұмсалатын қаражатты өздері қадағалай алады. Жаңа жүйенің тиімділігін түсіндіру үшін Петропавлға елордадан «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығының» мамандары келіп отыр.

Марғұлан Әбдікәрімов, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ департамент басшысы:

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында өзгерістер орын алып жатыр. Соған байланысты тұрғындар екі нысанның 1-еуін таңдау қажет. Яғни, 1-шісі – мүлік иелерінің бірлесті немесе 2-шісі – жай серіктестік. Ол үшін міндетті түрде жиналыс өткізу керек. Жиынға халықтың 50 пайызы қатысуы тиіс. Оның тең жартысы мүлік иелерінің бірлестігін таңдаса, жаңа жүйеге көше алады. Ол үшін төрт құжат қажет.

Елордалық мамандар үйлерді аралап қана қоймай, облыс орталығында ауқымды жиын өткізді. Тақырып – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру мәселесі. Бұл бағытта бүгінге дейін біраз іс қолға алынған.

Нұрбек Серіков, “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Egov порталында электронды түрде жиналыс жүргізу үшін Kezekte.kz сервисі қосылды. Осының арқасында тұрғындар арасында онлайн жиындар өткізуге болады. Ол үшін тек электронды цифрлы қолтаңба қажет.

2022 жылдың 1-ші шілдесінен пәтер иелері кооперативтері жұмысын тоқтатады. Оның орнына қазір біртіндеп мүлік иелері бірлестігі немесе қарапайым серіктестіктер құрылуда. Осы ретте айта кетейік, бүгінде облыста 1500-ден астам көппәтерлі үй бар. Оның 900-ден астамы мүлік иелері бірлестігіне көшкен.

Дана Ешкенова