Қылмыс

СҚО-да 3 бірдей қаржы пирамидасы анықталды

Қаржы пирамидаларының пайда болғанына біршама уақыт өтті, олардың алдын алу мақсатында түрлі шаралар қолға алынды. Бірақ, нәтиже шамалы болып тұр. Ағымдағы жылы аққайыңдар өлкесінің өзінде-ақ 3 бірдей ұйым анықталыпты. Олар: “iRetail”, “iStudio” және «Finico». Әрқайсысы халық арасында үгіт-насихат жүргізіп, адамдарды тез арада көп ақша табасыздар деп сендірген. Өкінішке қарай, оңай жолмен баюды ойлаған кейбір жандар бармақ тістеп қалыпты.

Баукен Сұлтанов, СҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті жедел басқармасы басшысының орынбасары:

Биыл 30-ға жуық солтүстікқазақстандық қаржы пирамидасының құрбанына айналды. Қазіргі таңда анықталған 3 ұйымға қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Баукен Сұлтанов қаржы пирамидасының өкілдерін оп-оңай анықтауға болады дейді. Оның сөзінше, айлакерлер сенімді сөйлейді. Жұртшылықты аздап ақша салсаң, уыстап аласың деп сендіреді.

Баукен Сұлтанов, СҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті жедел басқармасы басшысының орынбасары:

Қаржы пирамидасының тағы бір айқын белгісі – жаңадан клиент тартқызу. Яғни, егер ұйымға жаңадан адам әкелсең, ақшаңды сол кезде аласың деп уәде етеді. Айланың тағы бір түрі бар. Алаяқтар өздерін микроқаржы ұйымы немесе банкпіз деп таныстыруы мүмкін. Бұған көбіне несие тарихы нашар, банктен қарыз ала алмайтын адамдар сеніп қалады.

Алаяқтардың қулығында шек жоқ. Олардың құрығына түсіп қалмау үшін барынша сақ болу қажет. Жалпы, соңғы 9 айдың ішінде елімізде 1700-ге жуық отандасымыз қаржы пирамидаларына ақша аударып, сан соғып қалған.

Дана Ешкенова